Beeline жас кәсіпкерлерге арналған бизнес-инкубатор ашады
Студенттер арасындағы мұндай жарысты компания төртінші жыл үзбей өткізіп келеді. Биылғы байқаудың ерекшелігі жас кәсіпкерлерге көмектесу үшін «Beeline» бизнес-инкубатор ашады. Оған байқаудың барлық қатысушысы шақырылып, алдағы үш ай ішінде IT, маркетинг, бизнес-жоспарлау саласындағы білімдерін шыңдай алады.
«Beeline» ұйымдастыратын мұндай байқауға жастар белсене қатысады. Себебі бұл – олар үшін мүмкіндік алаңы. Бұл – жобалар питчингі. Мұнда елдің әр түкпіріндегі оқу орындарының студенттері әлеуметтік жобаларын алып келеді. Солардың бірі – Торайғыров университетінің тобы.
Әлихан Арынтай, жобаға қатысушы:
- AirFlex және Zharyq деген екі жобамен қатысып отырмыз. AirFlex дегеніміз – ауаның тазартқыштары, ал Zharyq дегеніміз – қаржылық сауаттылық. Осы кезеңге дейін жобаны дамытып келдік. Командамыз 118 мың теңгедей табысқа жетті.
«Beeline» компаниясының өкілдері биылғы байқауда көзге түскен оннан астам команданы бизнес-инкубаторға шақырмақ. Ол тамыз айында басталып, қазанда аяқталады. Үш ай ішінде жастар компанияның IT, маркетинг, бизнес-жоспарлау саласындағы үздік сарапшыларының шеберлік сыныптары мен вебинарларына қатысып, диджитал индустриясының соңғы трендтерімен таныса алады.
Анар Жұмағұлова, «Beeline Kazakhstan» компаниясының CSR менеджері:
- Биылғы байқаудың барысында бізге бірнеше жоба бизнес тұрғысынан өте ұтымды көрінді. Ол студенттермен араласып, жақын тани түспекпіз. Жалпы осыдан 4 жыл бұрынғы жобалармен қазіргі жобаларды салыстырсақ, айырмашылық жер мен көктей. Жастардың әлеуеті артып, ой-өрісі өсіп келе жатқаны бізді қатты қуантады.
Өткен үш жыл ішінде «Beeline» компаниясы тоғыз жобаға грант бөлген. Осылайша, олар жастардың диджитал идеясын қолдауды жалғастыра бермек. «Себебі біздің жастар жарқын жақта өмір сүруге әбден лайық», - дейді олар.
Авторлары: Гүлжан Марқабаева, Қанат Әбілдин