Атырау облысының 8 елді мекені жарыққа жарымай отыр
Шекараны бойлай қоныстанған Азғыр өңірі жарықты Ресейден алады. Облыс орталығына 600, аудан орталығынан 300 шақырым шалғай жатқан ауылдар қысты күндері үнемі жарықсыз отырады. 2 жыл бұрын «Құрманғазы-Азғыр» бағытына жаңа электр желісін тарту жобасы қолға алынған болатын. Бірақ оның қашан аяқталары белгісіз.
Жәрдемовтер отбасында 10 жан тұрады. Бүкіл әулет паналап отырған үлкен үй электр қуатымен жылытылады екен. «Қыс айларында жарық жиі сөнеді. Әрі электр энергиясының тарифі өте қымбат», – дейді отағасы.
Шаймардан Жәрдемов, Сүйіндік ауылының тұрғыны:
- Айына 30-40 мың шығады. Тариф көтерілетін болса, оны мен де, қалған халық та төлей алмайды. Оны жоғарғы жақ шешпесе, жағдай қиын.
Құрманғазы электр желілері торабы 60 мыңға тарта тұрғыны бар 16 селолық округ пен аудан орталығын қуат көзімен қамтамасыз етіп отыр. Облыстық электр желісіне қосылған ауылдарда жағдай тұрақты. Ал Ресей өнімге тәуелді шекара маңыздағы 8 ауылда жарық мәселесі халықтың жанайқайына айналған.
Игорь Әбуғалиев, аудандық электр желілері торабының басшысы:
- Ресейден келе жатқан электр тоғы өшіп қалса, біздер ештеңе істей алмаймыз. Біздегі проблема осы, мұнымен қоса, Ресейден алынатын тоқ өте қымбат. 29 теңгеден алып жатырмыз. Бірақ өзіміздің «Сүйіндік», «Балқұдық», «Асан» ауылының тұрғындарына 5, 79 теңгеден береміз.
Ал қалған шығын электрмен жабдықтаушы компания мен жергілікті бюджет есебінен өтеледі. Егер аталған 3 ауылда 1500-нан астам тұтынушы барын ескерсек, ол орасан шығын. Сондықтан ауылдарды ішкі электр желісіне қосу кезек күттірмейтін іс.
Арыстанбек Кенже, тілші:
- Бұл – Құрманғазы аудандық электр желілері торабы. Яғни жалпы ауданға келетін электр желісінің жүрегі десек те болады. Міне, осы арадан қиырдағы Азғыр өңіріне электр желісі тартылуы керек болатын-ды. Алайда ол жоба әлі қолға алынған жоқ.
Руслан Сиражев, аудандық ТҮКШ бөлімі басшысының міндетін атқарушы:
- «Құрманғазы-Асан» бағытындағы жоғары кернеудегі электр желісіне жобалық құжаттама жүріп жатыр. Ол қазір сараптамадан өтуде. Қаржы бөлінген жағдайда құрылыс жұмыстары жүргізілетін болады.
Азғыр өңіріне электр желісін тарту жобасы 2019 жылы басталған екен. Алайда құжаттары мемлекеттік сараптамадан өтпей қалыпты. Биыл да оның жүзеге асуы екіталай. Тағы бір кілтипан бөлім басшысы айтқан 110 мың вольттық желі бар болғаны 180 шақырымды қамтиды. Қалған ауылдарға электр жарығы қашан, қалай жеткізілетін беймәлім күйде қалып отыр.
Авторлары: Арыстанбек Кенже, Амантай Мәтенов