Павлодарлықтарды қаладағы ағаш қорының азаюы алаңдатып отыр
Құрылыс жұмыстарының қарқын алуына байланысты қалада жасыл желекті отау жиілеген. Сондықтан экологтар ағашты кесуге мораторий жариялау туралы бастама көтеріп, бұқараның қолын жинап жатыр. Кейін қоғамдық тыңдаулар ұйымдастырылады.
Ақмарал Есімханова, тілші:
- Екі көшенің ортасындағы бұл учаскеде 45 ағаш бар. Бұған дейін жасалған биологиялық тексеріс нәтижесінде 16 терек пен үйеңкіні кесуге рұқсат берілуі мүмкін. Ал босаған жерде дәмхана бой көтермек. Жасыл желектің тағдырын қоғамдық тыңдаулар нәтижесі шешпек. Егер оң шешім қабылданса, мердігер ұйым бір ағаштың орнына 10 қарағай отырғызады.
Қала жұртын ағаш қорының азаюы алаңдатып отыр. Тұрғындар, әсіресе, құрылыс барысында жасыл желектің оталуына наразы. Былтырғы жылы облыс орталығында 321 ағашты кесуге берілген. Олардың орнын толтыру үшін алты мыңға жуық түп отырғызылған. Жерсіну дейгейі 83%-тен асса да, жағдай көңіл көншітпейді. Сондықтан экологтар сау әрі жас ағаштарды кесуге тыйым салуны тиіс деп есептейді.
Светлана Могилюк, эколог:
- Жасыл желектің жағдайы мүшкіл. Жыл сайын дәмхана, автотұрақ сияқты нысандар салынуда. Ал ағаш отырғызатын орындар аз. Павлодар қаласының бас жоспарының талаптары бұзылуда. Яғни көгалдандыруға арналған учаскелер қарастырылмаған. Өтемдік ағаштардың тиімділі жоқ. Ал ағаш қоры жыл сайын азаюда.
Үш жыл бұрын мына аумақтағы ондаған қайың-қарағай рұқсатсыз оталған. 200 отбасы дабыл қағып, қарсылық білдіргенімен, жасыл желектің орнынан алып, ғимарат бой көтерген.
Ажар Бақыт, қоғам белсендісі:
- Қаламыз өндірістік аумақта орналасқандықтан, облыс орталығын үздіксіз көгалдандыру керек. Халық өнеркәсіптік қалдықтардан зардап шегуі әбден мүмкін. Павлодар еліміздегі жасыл қалалардың бірі еді. Бүгінде жағдай түбегейлі өзгерді. Өтемдік ағаштар отырғызылады, әрине. Дегенмен күту жағы осал.
Мамандардың айтуынша, өтемдік көшеттердің саны көбейгенмен, оларды баптауда жүйе жоқ. Сондықтан кеуіп, жерсінбей қалады. Ал әкімдік өкілдері өсімдіктер жетілмей қалса, жауаптыларды сотқа беретіндерін жеткізді.
Жансерік Қапзолла, Павлодар қалалық әкімдігі баспасөз қызметінің маманы:
- Өтемдік ретінде отырғызылған ағаш көшеттері солған жағдайда оларға жауапты тұлға немесе ұйым ағаштарды қайта отырғызады және отырғызылған уақыттан бастап екі жыл ішінде оларды күтіп-ұстауды қамтамасыз етулері қажет. Талаптар орындалмаған жағдайда материалдар сотқа жіберілетін болады. 2021 жылы қазіргі уақытта төрт ағашты кесуге рұқсат берілді.
Экологтардың пікірінше, өтемдік жасыл желекті отырғызу мен күту барысын жіті бақылау қажет. Сонда жағдай өзгеруі мүмкін. Әзірге үміттен үрей басым. Айта кетейік, осы күнге дейін екі мыңға жуық қол жиналған. Мораторий жариялауға қолдау білдіргендердің қатары күннен күнге көбеюде.
Авторлары: Ақмарал Есімханова, Самат Оспанов Және Марат Игіліков