Жұмыс берушілер қызметкерлерді заңсыз артық жұмыс істеткені үшін жазалануы мүмкін
Алдымен ескерту жасалады, ал қайталанған жағдайда әр түрлі субъектілерге 40-тан 120 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салынады екен. Елімізде ауыл шаруашылығы жерлерін сатуға мораторий 5 жылға ұзартылды. Жерді тек қазақстандықтар ғана жалға ала алады. Сенат қабылдаған Жер туралы заңға сай ауыл шаруашылығы жерлерін қосалқы жалға беруге тыйым салынады. Ауыл шаруашылығы жерлерін жалға беру кезінде ауылда кемінде 5 жыл тұрғандарға артықшылық, яғни қосымша ұпай беріледі. Президент тапсырмасымен қабылданған заң ауылдықтар үшін жайылым мәселесін шешіп бермек.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы:
- Қазақстан азаматтарына ауыл шаруашылығы жерлерін жеке меншікке беру жөнінде Жер кодексіндегі нормалардың қолданылуына мораторий ұзартылады. Құжатқа жайылымдық жерлерді пайдалану мәселелерін реттейтін, жер учаскелері бойынша ақпараттың қолжетімділігі мен ашықтығын қамтамасыз ететін жаңа нормалар да енгізілді.
Сенаторлар сондай-ақ Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске өзгертулер енгізу туралы құжатты қабылдады. Оған сай қызметкерлеріне заңсыз артық жұмыс істеткені үшін жұмыс берушілер жазалануы мүмкін. Бірінші рет ескерту беріледі, одан әрі айыппұл салынады. Лауазымды тұлғаларға – 40 АЕК, шағын кәсіпкерлік нысандары мен коммерциялық емес ұйымдарға – 60, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 80 АЕК, ал ірі кәсіпорындарға – 120 АЕК мөлшерінде айыппұл белгіленді. Айта кетейік, сенаторлар Қашықтан еңбек ету туралы заң жобасын да қабылдады. Пандемия кезінде көп адамға кеңседен тыс жерде отырып жұмыс істеуге тура келді. Сол кезде еңбек қатынастары саласында кейбір мәселелер туындағандықтан, Парламент депутаттары заңнамаға түзетулер енгізді. Егер қызметкер еңбек шартында көрсетілген жұмыс көлемін орындаса, қашықтан жұмыс істесе де, жалақы толық мөлшерде төленуі керек.
Нұржан Нұрсипатов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Күнделікті өмірде әр түрлі жағдай болады, әр түрлі басшылар бар. Мысалы, қызметкер белгіленген жұмыс уақытында жұмыс берушімен байланыста болған жоқ делік, бірақ ол белгіленген мерзімде қажетті жұмыс көлемін орындап үлгерген. Сұрақ, осы жағдай қызметкер икемді жұмыс режимі мен қашықтықтан жұмыс істеу болып есептеледі ме?
Ақмади Сарбасов, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің бірінші орынбасары:
- Жұмыскер жұмыс уақыт аралығында жасайтын жұмысты өзі шешеді, бірақ ол режимдер жұмыс істеуі үшін міндетті түрде жұмыс берушінің жазбаша түрде келісімі болуы керек.
Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев 7 шақырылымның бірінші сессиясының жұмысын қорытындылады. Сенат комитеттері 3 үкімет сағаты, 5 көшпелі отырыс, 40 дөңгелек үстел мен кездесу ұйымдастырған.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы:
- Сессия барысында Мемлекет басшысының елімізді жаңғырту бағдарын заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету үшін ауқымды жұмыс атқарылды. Парламент 63 заң қабылдады. Олардың ішінде 15-іне депутаттық корпус бастамашылдық жасады. Сенат депутаттарының бастамашылығымен тағы 14 заң жобасы бойынша жұмыс жүргізілуде. Сенаторлар өңірлерге барып, халықпен және еңбек ұжымдарымен үш жүзге жуық кездесу өткізді.
Сенаторлар бұл жолы да жер-жерге барып, елдің мұң-мұқтажын тыңдап, өз міндеттерін орындайтын болады.
Авторы: Индира Жылқайдарова