Жамбыл облысында шұғыл түрде су торабын салу қажет
Мойынқұм ауданындағы мыңдаған гектар жайылым мен шабындық жерлер жойылып барады. Жұрт өзен арнасын қолдан бөгеп, суды егін-жайларына бұруға мәжбүр. Ал бұл тәсіл экожүйені бұзып, табиғатқа орасан зор залал келтіріп жатыр. Алайда мойынқұмдықтардың бұдан басқа амалы жоқ. Шу өзені – олардың су алатын жалғыз тіршілік көзі.
Руслан Бақытбекұлы, тілші:
- Біз қазір Шу өзенінің арнасында тұрмыз. Көріп тұрғандарыңыздай, төменгі жағында мүлдем су жоқ. Себебі шаруаларды ағын сумен қамтамасыз ету үшін өзен 6 жерден байланады. Ал суды бұру үшін әр бөгетке кемінде 20 мың текше метрге дейін өзеннің табанына құм төгіледі. Бұл экологияға орасан зор зиян. Ал бұл жұмыстарға жылда кемінде 24 миллионнан 31 миллион теңгеге дейін қаражат бөлінеді. Ал суару маусымы аяқталған соң бұл бөгет суға ағып кетеді.
Өзен табанымен көшкен мыңдаған текше метр құм төменгі жақтағы шабындық пен жайылымдарды жойып барады. Қазірдің өзінде 10 мың гектардан астам жерді қайыр басып, кәдімгі шөлге айналған. Жергілікті әкімдік егін еккен шаруаларды ағын сумен қамтамасыз ету үшін мұндай қадамға амалсыз барып отырғандарын айтады. Су шықпаса, аудандағы 5 мың гектардан астам алқап күйіп, онсыз да қуаңшылықтан қурап отырған диханшылар шығынға ұшырайды.
Қызыр Елеусізов, Мойынқұм аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:
- Біз ХХІ ғасырда ескі тәсілмен байлап жатырмыз ғой. Енді қараңыз, бірталай құмды мынаған салып, ағызып жібереміз. Арғы жағындағы жайылым жерлерді қазір бұзып жатырмыз. Барсаңыз, шұңқыр көп. Мына құмның бәрін жерден қазып жатырмыз ғой. Оның экологиялық жағы бар. Апатты жағдайға алып келіп тұр. Енді бір 10 жылда шабындыққа бай Мойынқұм ауданы жарамаймыз-ау.
Жергілікті шаруалар мал азығын дайындау жылдан-жылға қиындап бара жатқандығын айтады. Биыл шөптің де бағасы шарықтап кеткен. Егіс алқаптарын ұлғайтуға шаруаларда жер де, мүмкіндік те бар. Алайда тұрақты судың болмауынан тәуекелге бармай отыр.
Бағдатбек Асқаров, шаруа:
- Су болатын болса, көбейтеміз ғой. Суды ойлап, қорқып тұрмыз ғой. Су болса, 20, 30 тіпті 100 гектарға дейін егуге болады. Барлығы суға келіп тіреледі. 3-4 күнде суғармасақ, сарғайып құлайды.
Қазір бұл проблема өткір тұр. Шу өзенінің бойына екі жерден су реттегіш гидроқондырғы орнату қажет. Бұл бүтін бір аудан тіршілігін сақтап қалумен тең. Алайда бұған қыруар қаражат қажет. Бұл мәселені аудандық ауыл шаруашылығы саласының мамандары зерттеп, көтерген.
Қызыр Елеусізов, Мойынқұм аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:
- Қызылордада да осындай бөгеттер бар екен деп ол жақтан сметасын алып келдік. Ауданымызға өзіміздің облыстан шыққан Сенатор депутаттарды шақырдық. Олар келіп көрді. Сметаға 49 миллион ақша керек екен. Бірақ сіздер осының жұмысына рұқсат алыңыздар. Сметаға ақша қарастырамыз. Ертең рұқсат болмаса, жұмысына ертең 49 миллион теңге құмға сіңген судай болады ғой деп уәж айтып кетті.
Құрылысқа рұқсатты Экология министрлігі беруі тиіс көрінеді. Енді жұрт министрліктен арнайы жоба әзірлеп, мәселені шешуге көмек сұрап отыр.
Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Бақытжан Бапаев, Тимур Сейілхан