Семей полигонынан қалған радиоактивті қалдықтарды сақтайтын қойма салынады
Ғалымдар бұл көпжылғы мәселені шешудің жалғыз жолы деген пікірде. Ал қалдықты сақтау орнына жақын жатқан ауыл тұрғындарының көкейінде үміттен үрей басым.
Ақмарал Есімханова, тілші:
- Ұлттық ядролық орталықтың мәліметінше, Май ауданының аумағында 1941-1969 жылдар аралығында 100-ден астам жерасты және жерүсті жарылысы болған. Бұрынғы сынақ алаңының аумағында Үлкен Ақжар ауылы жатыр. Араға көп жыл салғаннан кейін елді мекеннен 70 шақырымдық жерде радиоактивті қалдықтарды сақтауға арналған қойма салынбақ. Мамандардың айтуынша, бұл – Семей полигонының зардабын жоюдың жалғыз жолы. Алдын ала болжам бойынша бұл нысанда 1500 тоннадан астам зиянды топырақ сақталмақ.
Семей полигонының ортасында орналасқан Үлкен Ақжар кезінде дүркіреп тұрған ауыл болған. Қазіргі таңда 600-ге жетер-жетпес халқы бар. Полигон зардабынан кейін көбі көшіп кеткен. Халықтың басым бөлігі зиянды топырақ сақталатын қойманың салынатынынан бейхабар болып шықты.
Роза Жанелова, Май ауданы Үлкен Ақжар ауылының тұрғыны:
- Алаңдағанмен де түк болмай тұр ғой. Ақырын-ақырын балаларымызды көшіріп жатырмыз. Енді бір қызым қалды. Соны көшіру керек.
76 жастағы Бәтес Қапенова алғашқы ядролық жарылысты күйзеліспен еске алады. Сынақ алаңында болған оқиғалардың куәсі болған кейуана сол полигонның жаңғырығын ұмыта алмас.
Бәтес Қапенова, Май ауданы Үлкен Ақжар ауылының тұрғыны:
- Далаға қашып отырамыз. Ойға барып жатамыз. Жамылып алып... Біз көргенді Құдай көрсетпесін. Осы жердің шөбіне шейін, жеріне шейін уланған деп айтқан. Отырмыз сонымен. Не айтайын енді, қарағым?
Болашақ сақтау орнында екі тонналық контейнерлер қойылады деп күтілуде. Қоймада ең залалды учаскелерден әкелінген топырақ жинақталмақ. Нысан уақытша болады. Онда радиациялық қалдықтар алдағы 50 жыл бойы сақталады. Бүгінгі күні қоғамдық тыңдаулар өтті.
Мадина Балғабаева, Облыстық қоршаған орта, жер қойнауын пайдалану және су ресурстары басқармасының бөлім басшысы:
- Тапсырысты орындаушы талаптарды орындаса, жобаның қоршаған ортаға зияны болмайды. Бұған дейін біздің тарапымыздан ескертулер жасалды. Мәселен, қалдықтарды өзге өңірлерден әкелмеуді талап еттік. Бұл міндет жоба аясында орындалады.
Медет Шоқанов, Май ауданы әкімінің орынбасары:
- Қазіргі таңда «Сынақ алаңы» Ұлттық ұланның қорғауында. Бұл учаскеның аумағы тым үлкен. Жақын маңдағы ауылдардың малдары осы аумаққа кіріп кеткен деректер тіркелді. Бұл аса қауіпті. Сондықтан радиоактивті топырақ бір жерге жиналған дұрыс деген ойдамыз.
Бұрынғы сынақ алаңы ұлттық ядролық орталықтың иелігінде. Ғалымдар соңғы бес жылда радиологиялық зерттеулер жүргізіп, радионуклеидтердің топырақта таралу деңгейін анықтаған. Сондықтан залалды топырақты бір жерде сақтау керек деген байламға келген. Ал жергілікті экологтар залалды топырақтың қалай жиналатынына алаңдаулы.
Александр Коровиков, Республикалық ядролық орталығы атомды энергия институты филиалының бас инженері:
- Кешен радиоактивті заттар мен қалдықтармен жұмыс істеуге арналған. Тиісті инфрақұрылым бар. Нысан Май ауданының экологиялық жағдайын жақсартуға сеп болады. Қойма шамамен 1800 шаршы метрлік учаскеде орналасады.
Светлана Могилюк, эколог:
- Зиянды топырақтан шаң шығу қаупі бар. Жердегі радионуклеидтер ауаға таралуы мүмкін. Сондықтан жобаның қоршаған ортаға әсеріне баға беруіміз қажет. Яғни топырақтың құрамы қандай болады? Соны біліп алуымыз керек. Ол жағы түсініксіз. Біз бұған алаңдаулымыз.
Экологтар жобаны жан-жақты зерттей келе жобаны жүзеге асыру әзірге ерте деген пікірде. Қауіпті қалдықтардың тасымалдануына қатысты да сұрақ көп. «Жобаны қайта қарастырып, талқылауға шығару қажет», - дейді экологтар.
Авторлары: Ақмарал Есімханова, Самат Оспанов, Жеңіс Темірболат