Павлодарда орманшылар жануарлардың азығын дайындап жатыр
Павлодар облысында орманшылар жабайы аңдар мен жануарларға арнап оттықтар орнатып жатыр. Бұл жұмыс биыл жылдағыдан ертерек басталды. Қар қалың түсетін қаңтар, ақпан айларында ашыққан аңдар көктемге жете алмай қалады, - дейді олар. Әсіресе еліктерге ерекше қамқорлық қажет.
Орманда 500-ден аса елік мекендейді. Одан бөлек, қабан, түлкі, қоян, борсық, құндыз бар. Орманшылар жаз айларында жем-шөп дайындайды. Олар ағаш бұтақтарынан сыпырғыш жасап кептіреді. Сөйтіп көктемге жететін қор жинайды. Дәл осындай жұмыстар «Ертіс орманы» табиғи резерватында да жүргізіліп жатыр.
Жасқайрат Қайкен, орманшы:
- Биотехникалық жұмыстардың барысында тұяқты жануарларға қысқы уақытта азық салу барысындамыз. Жалпы әр аңшылықтанушылар осындай қысқы азықтарды арнайы орындарға салады. Жем-шөп дайындаймыз. Тұяқты жануарлардың ішінде ешкі бар, қоян, түлкі, қарсақ, жабайы мысықтар бар.