Елордада халық саны 4 есе артты
Қала негізінен оңтүстік бағытта дамиды. Егер осыдан 4 жыл бұрын мұнда миллионнан астам тұрғын болса, қазір ресми статистика деректері бойынша бір миллион екі жүз мыңға жуық адам бар. 2021 жылдың күзінде өтетін халық санағы бүкіл ел мен қалалардың тұрғындары туралы ақпаратты жаңартуға көмектеседі. Айта берсек, елорданың жеткен жетістігі көп-ақ. Осы уақыт ішінде халық саны төрт есе артып, үлкен мегаполиске айналып келеді. Қала «Астана» мәртебесіне ие болғалы көшіп келушілер өз алдына, оның сыртында туу көрсеткіші де айтарлықтай жоғарылаған. 300 мың 505 адам. Бұл – 1998 жылдың басындағы елорда халқының саны. 2021 жылғы дерекке сай бас қаламызда 1 млн 184 мың 411 адам тұрады. Оның ішінде ер кісілер 48%, әйелдер 52% құрайды.
Олжас Сайлаубекұлы, ҚР Ұлттық санақ 2021 ресми өкілі:
- Жас құрамы бойынша айтатын болсақ, 2021 жылдың басында еңбекке қабілетті жастағылар – 718 071 адамды 60,6% құраған. Еңбекке қабілетті жасқа жетпегендер – 31,6%, еңбекке қабілетті жастан асқандар – 7,8% құраған. Ұлт құрамы бойынша бүгінгі күні халық арасында ең көп үлесті қазақтар 80,4% құрайды, орыстар – 11,8%, украиндар – 1,2% құрайды.
Халық санының артуы негізінен екі фактормен байланысты. Бірінші – көші-қон. 1998-2020 жылдар аралығында Елордаға 1 млн астам адам келсе, 400 мыңға жуығы кеткен. Бердібек пен Қарлығаш көшіп келгендер қатарынан. Міне, одан бері он жыл өтіпті. Төрт перзенті Алматыда туылған. Тағы үшеуі елордада өмірге келіпті. Елорда халқының артуының екінші себебі – осы туу көрсеткішінің жақсарғандығы.
Қарлығаш Бимағамбет, көпбалалы ана:
- Көпбалалы болуды жоспарлаған жоқпыз. Алланың бергені. Соған мәзбіз.
Бердібек Бимағамбет, көпбалалы әке:
- «Балалы үй базар» деп, үлкендері өсіп, солар көмектесіп, .бағып-қағады, көмектеседі. Міне, мектебіміз тиіп тұр. Бес балам мектепте оқиды. Үйіміздің жанында мынандай саябақ жасаған өте керемет болды. Тек ойнауға шығамыз. Қаламыз өсіп жатыр, қуаныштымыз.
Қарлығаш – шығармашылық, Бердібек – техника саласының маманы. Көпбалала ата-ана перзенттерінің өнерлі болуына да ерекше көңіл бөледі. Ересектерінің барлығы арнайы үйірмелерге қатысады.
Әділет Шалабай, баласы:
- Мен ұл бала ретінде футболға қатысамын. Сәтті қарындасым биге қатысады. Ал Әдемі, Тәтті қарындастарым қолөнерге қатысады.
Ердәулет Ыбырайұлы, тілші:
- Тағы да сандарды сөйлетсек. Жыл сайын елордада 30 мыңға жуық сәби туылады. Халықтың орташа өмір сүру ұзақтығы – 73 жас. Жыл сайын АХАЖ бөлімінде 10 мыңнана астам отбасы тіркеледі.
Авторлары: Ердәулет Ыбырайұлы, Қанат Әбілдин