Таразда ҰҚК қызметкерлеріне арналған саябақ ашылды
Таразда 10 жыл бұрын жұмыс бабында қаза тапқан ҰҚК қызметкерлеріне арналған шағын саябақ ашылып, мемориалдық тақта орнатылды. Салтанатты шараға аталған органның қызметкерлері мен ардагерлері және Жамбыл облысының басшылығы қатысты.
Батырбек Атамқұлов ұлттық қауіпсіздік комитетінде ширек ғасыр бойы қызмет етті. Запастағы полковник осылайша көптеген экономикалық қылмыстарды ашуға атсалысты. «Бұл салада жұмыс істеу оңай емес, алдыңда не күтіп тұрғанын білмейсің. Қызметтестеріңнің қайғылы оқиғаға душар болатын кезі де аз емес», - дейді ол.
Батырбек Атамқұлов, ҰҚК ардагері:
- Біздің екі әріптесіміз осыдан 10 жыл бұрын 12 қараша күні жанкештінің жолын кесем деп өз өмірлерін қиды. Енді бұл мемориалды ашудың басты мақсаты өзіміздің артымыздан өсіп келе жатқан жас ұрпақ біліп жүрсін, естіп жүрсін, ертең олар да осындай ағалары сияқты әрқашан да өз өмірін Отанына беруге дайын болуы керек.
Ермекбай Халиев, ерлікпен қаза тапқан М. Халиевтің әкесі;
- Баламыз Мұхтардың ескерткішін орнатып жатыр екенсіздер, көп рақмет айтамын, Енді бұдан былай жаманшылық болмасын. Елімізде тыныштық болсын.
Облыс орталығында ұлттық қауіпсіздік комитетінің жұмыс барысында қаза тапқан қызметкерлерінің құрметіне шағын саябақ ашылып, ескерткіш тақта орнатылды. Жиналғандар онда гүл шоғын қойып, елдің қауіпсіздігі үшін өздерін құрбан еткен азаматтарды бір минуттық үнсіздікпен еске алды.
Бердібек Сапарбаев, Жамбыл облысының әкімі:
- Қарақшылардың қолынан біздің 6 азаматымыз өмірден өтті. Соның екеуі – осы қауіпсіздік департаментінің қызметкерлері. Біз азаматтарымыздың ерліктерін ешуақытта ұмытпауымыз керек. Олар еліміздің бейбіт, қауіпсіз болу жолында өз өмірін қиды. Бүгінгі ашылып отырған ескерткіш осы Мұхтар мен Сергейге арналады.
Салтанатты шара барысында ұлттық қауіпсіздік комитетінің үздік қызметкерлері мен қаза тапқан азаматтардың туған-туыстарына алғыс хат, мақтау қағаздары мен төсбелгілер табыс етілді.
Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Анастасия Сулейманова, Бакытжан Бапаев