Түркістандықтар Маңғыстау өңіріне мың тоннаға жуық жем-шөп жөнелтті
Бұған дейін облыс әкімдігі және тасымалдаушы компанияның тікелей қолдауымен еріктілер қуаңшылық қыспағында қалған аймаққа 23 вагон шөп жіберген болатын. Демалыс күндері Сарыағаш қаласының теміржол станциясынан тағы да 10 вагон мал азығы жөнелтілді. Қазіргі таңда еріктілер мен шаруалар жергілікті билік пен тасымалдаушы компанияның көмегімен Маңғыстау мен басқа да жұттан жұтаған өңірлерге қосымша 40 вагон жем-шөп жіберуді жоспарлап отыр. Мал азығын жеткізу жұмыстары тегін жүргізіледі.
Мұратбек Солтанбай, волонтёр:
- Жұмысымыз жоғарғы дәрежеге жетіп, «естуші мемлекет» екенін дәлелдеп, жоғарыдағы басшы ағаларымыз келіп, вагондарды тегін өздері қойып беріп, нағыз ел ағалары екенін көрсетіп жатыр.
Амангелді Арысбаев, тасымалдаушы компания бөлімшесінің директоры:
- Бүгінде біз артқан 33 вагон Маңғыстау облысына кетті. Тариф бойынша Сарыағаштан Маңғыстауға жеткенше әр вагонға төленетін ақшасы 515-520 мың теңге болып отыр. Бірақ осындай қиыншылықта біздің теміржолмен тығыз қарым-қатынас жасап жатқан компаниялар бізге көмектесіп, осы вагондарға үлкен қаражат бөлді.