Ет бағасы өсе ме – маман пікірі
- Сіздің ойыңызша, құрғақшылықпен және оның салдары – жем-шөп тапшылығымен күресудің орнына бастапқы кезеңде-ақ осы мәселенің алдын алуға болар ма еді және оны қалай жүзеге асыру керек еді?
Ерлан Ілиясов, ҚР АШМ Мал шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу департаментінің басқарма басшысы:
- Жем-шөп тапшылығы барлық өңірде бірдей байқалып отырған жоқ. Қиын жағдай қалыптасқан аймақтар – Маңғыстау облысы және Қызылорда облысының Арал ауданы. Біздің ойымызша, егер жергілікті атқарушы органдар алдын ала хабардар еткенде, бұл жағдайдың алдын алуға болатын еді. Бірақ бір ескеретін жайт – бұл аталған облыстардың табиғи-климаттық жағдайы. Ең көп зардап шегіп отырғандар – орта және шағын жеке қосалқы шаруашылықтар. Ал шаруалары нық, болашағын ойлайтын фермерлік қожалықтар алдын ала екіжылдық жеп-шөп қорын жинап отырған. Маңғыстау облысы бойынша 1155 бас, Қызылорда облысының Арал ауданында 481 бас мал шығыны болған.
- Қазақстандық егіншілер жерді қашықтан зондтау қызметтерін пайдаланады. Бұл оларға жұмысты дұрыс жоспарлауға көмектеседі. Мұндай мәліметтер зардап шеккен аудандардың фермерлерін құрғақшылық туралы ескертуге мүмкіндік береді. Спутниктік деректер пайдаланылды ма?
Ерлан Ілиясов, ҚР АШМ Мал шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу департаментінің басқарма басшысы:
-«Қазақстан Ғарыш Сапары» АҚ арқылы космостық суреттер түсірілді. Бірақ онда жайылымдардың тозуы мен шөп жамылғысына қатысты суреттер ғана беріледі. Мәселен, Маңғыстау облысының табиғи климаттық жағдайы шөл және шөлейтті зонаға жатады. Сондықтан құрғақшылықтың алдын ала анықтау өте қиын.
- Егер қыста ет құны өссе, ауыл шаруашылығы министрлігі бағаны қалай тұрақтандырады?
Ерлан Ілиясов, ҚР АШМ Мал шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу департаментінің басқарма басшысы:
- Ет бағасына қатысты статистикалық мәліметтерге қарасақ, былтыр желтоқсан айында еттің бір келісі 1947 теңге болса, қазір 2200 теңгеге жетіп отыр. Сонда ай сайын ет бағасы 13 теңгеге өсіп отырған. Бұл айтарлықтай көп көрсеткіш емес. Қыста жайлауда жүрген мал қыстыққа келеді және фермерлердің көбі еркек малды, бұқаларды етке өткізеді. Сол кезде еліміздегі базарлар мен сауда орындарында жеткілікті ет көлемі қалыптасады. Жалпы ет қымбаттайды деген болжам жоқ. Қазір ішкі нарықты сиыр және қой етімен 100% қамтамасыз етіп отырмыз.
- Еріктілер фермерлерге белсенді көмектесіп жатыр, бірақ жергілікті жерде тасымалдау қиын болып тұр. Бұл мәселе қалай шешіліп жатыр?
Ерлан Ілиясов, ҚР АШМ Мал шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу департаментінің басқарма басшысы:
- Жем-шөпті тасымалдау ісіне қатысты шешім қабылданды. «Қазақстан теміржолы» АҚ тапсырма беріліп, олар тасымалдаудың тарифтік көлемін 77% дейін азайтты. Бұрын бір вагонның құны орташа есеппен 800 мың болса, қазір оның бағасы 120-150 мың теңгеге дейін төмендеді. Соның арқасында өңірлерден Маңғыстау облысына жем-шөп жеткізіліп жатыр.