БҚО-дағы Қырқопа ауылында білім және мәдениет ошақтары әбден ескірген
Мектеп ғимараты күрделі жөндеуді талап етеді. Мәдениет үйі бірер жыл бұрын апатты деп танылып, жабылып қалған. Әйткенмен әлі күнге тиісті жұмыстар жүргізілмеді. Ауыл тұрғындары білім мен мәдениет ордаларының құрылысына көңіл бөлінбей тұрғанына қапалы.
Жаңақала ауданына қарасты Қырқопа ауылында жүзден астам шаңырақ бар. Бірер жыл бұрын елді мекенге ауыз су мен газ желілері тартылды. Қазір тұрғындардың тұрмыс сапасы жаман емес. Тек әлеуметтік нысандардың жағдайы көңіл құлазытады. Ауылдағы Карманов мектеп-балабақша кешені осыдан 40 жылдай бұрын салынған. Алайда содан бері жібі түзу жөндеу жүргізілмепті. Қазір ғимараттың шатыры қирап, есік-терезелері тозып тұр.
Мұрат Башанов, Қырқопа ауылының тұрғыны:
- Төбесі ұшып кетіп, қайта-қайта жамап қояды. Жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Есік-терезелер жабылмайды. Жаттығу залына тек күн жылы уақытта кіреді, ойнайды, бірақ қыста кіре алмайды. Төбеден су ағады.
Ауылдық оркугтің демографиялық ахуалы тұрақты. Әр оқу жылы 130 шақты баламен басталады. Мектеп жанындағы балабақшада 50-ге жуық бөбек тәрбиеленеді. Әйткенмен олардың сапалы білім алуына қолайлы жағдай жоқ. Жауын-шашынды күндері ғимарат төбесінен су сорғалайды. Қыста қабырғалардың жарығынан жел гуілдеп, мектеп іші мұздай суық болады. Ал құбырлары шіріп тұр.
Асхат Төлеуғалиев, Карманов мектеп-балабақша кешенінің директоры:
- Құжат бойынша 30 жылдық жарамдылық мерзімі өтіп кеткен. Әктеу, сылақ жұмыстары жүргізіліп келе жатыр. Жаз мезгілінде мектеп қызметкерлері болып жабылып жұмыс атқарамыз. Қатты боран, салқын кезде желді ұстай алмайды, сондықтан мектебіміз қыс кезінде суып кетеді. Жарықтың кабельдері барлығы тозып тұр.
Оның үстіне ауылда мәдениет үйі жоқ. Бұрынғы ғимарат апатты деп танылып, жұмысы тоқтаған. Ал жаңа нысан салуға жергілікті әкімдік асығатын емес.
Жұмағали Темірғалиев, Қырқопа ауылының тұрғыны:
- Қырқопа ауылының тұрғындарына қазір қиын болып тұр. Елде мәдениет үйі жұмыс істемейді. Жастарға демалатын жер жоқ. Мектептің ұсқыны мынау. Халықтың жағдайы осы. Ал осыған жауапты адамдар қайда қарап отыр?
Аудан бойынша үш мектепті күрделі жөндеу керек. Білім ордаларын жаңғырту бағытында техникалық негіздемелер дайындалғанымен, жобасын әзірлеуге әлі қаражат бөлінбеген.
Ауданда 20 мектеп бар. Пятимар ауылдық округіндегі бастауыш мектеп бала санының жетіспеушілігі себебінен жабылып қалды. Білім ордаларының барлығында қазір әктеу, сырлау жұмыстары жүріп жатыр. Бұл бағытқа 10 млн теңге жұмсалған. Ал үш мектепті толықтай күрделі жөндеу қажет. Оларды жаңғырту мақсатында техникалық негіздемелер дайындалғанымен, жобасын әзірлеуге әлі қаражат бөлінбеген.
Руслан Ғұмар, Жаңақала аудандық білім бөлімінің басшысы:
- Бұл мектеп Қырқопа ауылдық округіне қарасты, М.Мирманов мектебі Бірлік ауылдық округіне қарасты, Д. Нұрпейісова мектебі Көпжасар ауылдық округіне қарасты. Ауданда осы үш мектеп. Бұлардың барлығына техникалық актілер жасалды. Дайын тұр. Енді жобалық-сметалық құжаттамаларды жасақтау үшін облыстық білім басқармасына 6 млн 900 мың теңгеге бюджеттік өтінім жолданды. Енді сол қаржы шешіліп жатса, жыл аяғына дейін ЖСҚ жасатып, сараптамаға өткіземіз.
Ал Қырқопа ауылына салынатын жаңа мәдениет үйінің жобасы дайындалып жатыр. Тек құрылыс қашан басталатыны белгісіз.
Асқар Мұқамбетжанов, Жаңақала ауданы әкімінің орынбасары:
- ЖСҚ жасақталып жатыр. Оған аудандық бюджеттен 6 миллиондай ақша бөлінді. Болашақта бұл мәселе жүзеге асады деген ойдамыз. Бюджеттік өтінім биыл беріледі.
Ауыл балалары кезекті оқу жылын тағы сыйқы қашқан мектепте өткізетін болды. Ал көпшілік іс-шаралар өткізетін орын әзір болмайтын сияқты. Тұрғындар әлеуметтік саланың әлеуеті тезірек жақсарғанын қалайды.
Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Болат Жарылғасов