Жуырда Алматы метросының тағы екі станциясы іске қосылады
Қала әкімі Бақытжан Сағынтаев жауаптыларға даңғылдың құрылысын күзге дейін аяқтауды тапсырды. Сарыарқа, Достық, Қалқаман бекеттері пайдалануға берілген соң, жерасты жолының ұзындығы 16 шақырымға жетіп, тәулігіне 93 мыңнан аса жолаушы тасымалданбақ.
Алматы метросын әрі қарай созу жұмыстары жалғасуда. Бүгінде «Сарыарқа» мен «Достық» бекеттерінің құрылысы 80% тәмамдалған. Жерасты жолының құрылысымен танысқан қала әкімі құрылыс мерзімін сақтай отырып, сапалы жұмыс істеуді тапсырды. Аталған бекеттер алдағы жылдың бірінші тоқсанында пайдалануға берілмек. Ал Абай даңғылы 4,8 шақырымға ұзарып, қаланың батыс шекарасына жеткізіледі. Құрылыс жұмысы 70% аяқталған. Күре жолдың жаңа бөлігі 6 жолақты болмақ. Аталған даңғыл 2023 жылы Үлкен Алматы Айналма жолына дейін созылады.
Ырысқали Қожанов, құрылыс учаскесінің басшысы:
- Абай даңғылы іске қосылған соң Шаляпин мен Жандосов көшелеріндегі көлік кептелісі сейіледі. Наурызбай ауданына баратындар үшін Абай даңғылы жылдам болады. Негізгі жол бөлігі жасалды, қазір бар болғаны 400 метрлік аумақтың құрылысы ғана қалды.
Бақытжан Сағынтаев Наурызбай ауданына қарасты Таусамалы, Ақжар, Құрамыс ықшамаудандарының инженерлік желі тарту жұмыстарын көріп, Тастыбұлақ ықшамауданындағы жол құрылысымен танысты. Бұл аумақта өткен жылы инженерлік желі тарту кезінде ескі асфальт бүлінген. Тұрғындардың әлеуметтік желідегі арызын қала әкімі жауапсыз қалдырмады. Жалпы ауданда 122 шақырым су құбыры мен 85 шақырым кәріз құбыры салынуда.
Әлихан Қанапия, Наурызбай ауданының тұрғыны:
- Сағынтаев мырза өткен жылы бүлінген жолды жөндеп, сапалы асфальт төселеді деп уәде берген еді, міне, бір айда жаңа асфальт төселді. Тіпті қысқа әрі тар көшелер де тегістелді. Осындай үлкен қаладағы тұрғындардың өтініші уақытында орындалғаны үшін қуаныштымыз.
Қала әкімі Қарғалыдағы су тарату бекетінің құрылысымен танысты. Жоспар бойынша нысан жыл соңында пайдалануға берілген соң, Наурызбай ауданының Қарғалы, Құрамыс, Қарағайлы, Тастыбұлақ және Таусамалы ықшам аудандарының 35 мың тұрғыны ауызсумен қамтылады.