СҚО тұрғындары жолдың сапасына наразы
Себебі грейдер салған бұл жолдар көп жылдан бері жөндеу көрмеген. Бүгінде өңірде жергілікті жолдардың жартысынан астамы жаңалауды қажет етеді.
Бұл – Сергеевка қаласынан Садовка ауылына апаратын жол. Аталған грейдер шамамен 5-6 жыл бұрын ғана жөндеуден өткен. Ал нәтижесі сын көтермейді.
Самархан Қали, жүргізуші:
- Жолдың жағдайын өздеріңіз көріп тұрған шығарсыздар. Көңіл көншітпейді. «Нашар» деп айтуға болады. Машинаның сау тамтығы қалмайды. Айына бір рет болсын машинаны тексеру орталығына тексертіп тұрамыз.
Жаз болса осы маңдағы бірнеше ауылдың тұрғындары жол азабын тартады. Себебі қиыршық тас төселген жолмен жүріп өту жүргізушілер үшін оңай сынақ емес.
Александр Левда, жүргізуші:
- Жолдың сапасы өте жаман. Грейдерге үлкен қиыршық тастар төсеген. Олар уақыт өте бетіне шығып, дөңгелектерімізді кесіп жатыр.
Жағдай қиындап кеткен соң, жүргізушілер көбіне төте жолмен қатынайды. Аудандық әкімдіктегілердің айтуы бойынша, биыл жергілікті жолдарды жөндеуге 2 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген. Бірақ көбінде жұмыстар әлі күнге басталмаған.
Жанат Оспанов, Шал ақын ауданы әкімінің орынбасары:
- Мынау Двойники – Ольгинка – Сухарабовка ауылдарына біз жобалық сметалық құжаттарды дайындадық. Бүкіл өтінімді облыстық бюджет комиссиясына бердік. Қазір жөндеуге конкурс өтіп жатыр. Бірақ екі жылдың ішінде жөндетеді.
Жалпы өңірде жергілікті маңызы бар жолдардың ұзындығы 7 мың шақырымнан асады. Ал олардың тек 28% жағдайы жақсы. Қалғанын қалыпқа келтіру үшін шамамен 115 миллиард теңгеден астам қаражат қажет.
Авторлары: Самат Қайырденұлы, Төлеген Иманов