Бестөбелік тұрғындар стадионның орнына мектеп салынуына наразы
Ауыл азаматтары бұл мәселені бірнеше жылдан бері көтеріп келеді. Алайда нәтиже жоқ. Ал мектеп құрылысы биыл басталған.
Ауыл белсенділерінің сөзінше, ғасырға жуық тарихы бар бұл стадион кезінде дүркіреп тұрған. Мұнда түрлі жарыс өткізіліп, тұрғындар дене шынықтырумен айналысатын. Қазір үлкен құрылыс алаңына айналды.
Қайыр Есмағамбетов, Бестөбе кентінің тұрғыны:
- Қазақстан Президентінің спортты дамыту керек деген Жарлығы бар. Біздің жақта спортты дамытпақ түгілі, құлатып жатыр. Пандемия басталғалы бері стадионымызды жауып тастады.
Ашынған тұрғындардың айтуынша, аталған мектептің жобасы әу баста 900 орындық деп жоспарланған екен. Одан 600-ге, ал кейіннен 300 орынға түскен. Бұл 6 жарым мыңнан астам халқы бар елді мекен үшін аздық ететіні айтпаса да түсінікті.
Қанат Байысов, Бестөбе кентінің тұрғыны:
- «Бұл мектепті бірінші мектепке береміз», - дейді. Бірінші мектепте 600 оқушы бар. 600 оқушыға 300 орындық қылып салғанды мен бірінші рет көрдім. Сіз киім алатын болсаңыз, 2 есе тар киім алмайсыз ғой. Өзіңізге шақтап аласыз, дұрыс па? 600 ба, онда 600 балаға арнап салмай ма?!
«Жаңа мектептің шағын етіп салынуы күдік тудырады», - дейді тұрғындар. Ел ішінде Қоржынкөлдің оқушылары көшіріліп, ондағы білім ошағы сүріледі деген сыбыс бар. Ал ол маңай босаса, тұрғындар сол жерден жаңа кен орны ашыла ма деп қорқады. Бірақ жергілікті билік өкілдері мұның бәрін жоққа шығарып отыр.
Алтын Оспанова, Степногорск қалалық білім бөлімі жетекшісінің міндетін атқарушы:
- Бестөбе кентінде қазақ мектебі бар. Оның жобалық қуаты 275 болса, екіншісі аралас мектеп. Бұл мектептің де жобалық қуаты – 300 бала. Бірақ бүгінгі күнге дейін 565 баланы құрап отыр. Сонымен қатар негізгі мектеп бар. Бұл негізгі мектептің жобалық қуаты – 75 бала. Көріп тұрғанымыздай, осы үш мектеп те толық. Сондықтан жаңа мектеп салу керек болып отыр.
Ал «мектепті неге стадионның орнына салуға жол бердіңіздер?» деген сұраққа білім бөлімі былай деп жауап берді.
Алтын Оспанова, Степногорск қалалық білім бөлімі жетекшісінің міндетін атқарушы:
- Неге стадионға салуға жол бердік? Өйткені мамандармен сөйлескен кезде, олар Бестөбе кенті үлкен концерн бар алтын өндіретін жер екенін айтты. Сондықтан сол стадион тұрған жер мектеп салуға қауіпсіз болып отыр.
Сондай-ақ әкімдіктегілер бұл мәселе сонау 2013 жылы жергілікті жұртшылықпен кездесу барысында да талқыланып, олардың келісімі алынғанын айтады. Ал ол кезде ескі стадион ешкімге керексіз, яғни иесіз болыпты. Бірақ кент белсенділері бұған қарайын деп тұрған жоқ. Олар спорт нысанын қорғап қалуды одан әрі жалғастыра бермек.
Авторлары: Дамир Берікұлы, Евгений Шинкаренко