Министрліктегілер Арыстағы қателіктің салдарын жоймаған – сарапшы пікірі
Олардың топшылауынша, ең әуелі оқыс оқиғаға немқұрайдылық себеп. Әйтпесе айдың-күннің аманында әскери құрылымның жанындағы қоймада жарылыс болуы ақылға қонбайды.
Тағы бір жорамал – аптап ыстықтың салдары. Қасақана от қойылған болуы мүмкін деген де дүдәмал ой ел ішінде таралып жатыр.
Жарылыстың нақты неден тұтанғаны белгісіз. Белгілісі, бұл қоймада Арыстан әкелінген оқ-дәрілер сақталған. Оларды екі жыл бұрынғы апаттың салдарын жою үшін тасымалдаған көрінеді. Оқ-дәрінің қалдығы тағы қай өңірлерге жеткізілгені беймәлім. Елді осы мәселе толғандырады.
2019 жылғы 12 қараша. Нұрлан Ермекбаев Мемлекет басшысына Арыс қаласындағы төтенше жағдайдың салдарын жою туралы баяндады. Әскери ведомство басшысының айтуынша, еліміздегі барлық оқ-дәрі қоймасына тексеру жүргізілген. Нәтижесінде, аталған нысандарды қажет қауіпсіздік деңгейіне жеткізу және оңтайландыру жоспары дайындалған.
Жалпы елімізде 58 қару-жарақ сақтайтын қойма болса, соның 18-і елді мекенге жақын орналасқан. Арыстағы апаттан кейінгі тексеріс осыны анықтап берді. Әсілі, мұндай әскери құрылымның қоймасы ауыл-аймақтан кем дегенде үш шақырым алшақ орналасу керек. Жауапты тұлғалардың жауапсыздығын кешегі жарылыс әшкерелеп бергендей. Байзақ ауданындағы қойма үш елді мекенге жақын орналасқан.
Бердібек Сапарбаев, Жамбыл облысының әкімі:
- Жарылыс болған жерге жақын орналасқан үш елді мекен бар. Оның ең жақыны – 1 шақырым жердегі Қайнар ауылы. Ал қалған екеуінің қашықтығы 5 шақырымды құрайды. Осы үш елді мекенде 718 адам тұрады. Кеше ол кісілердің барлығы басқа жерлерге, яғни біз дайындаған 10 мектепке және 5 колледждің жатақханаларына орналастырылды. Соңында олардан 227 адам қалды. Ал қалғандары ағайын-туысқандарына кетті.
Осындай олқылықтың салдарымен күрескенше, оның алдын алу маңызды. Қазір қоғам белсенділері, халық қалаулылары мен сарапшылар осылай жазып жатыр. Олардың айтуынша, жарылыстың алғашқы себебі – немқұрайдылық. «Нем кетті?!» деп істеген жұмыстың нәтижесі осындай халге душар етті», - дейді сарапшылар
Михаил Чумаченко, бұрынғы әскери қызметкер:
- Ережеге сәйкес, мұндай оқ-дәрі сақталатын қоймаларға қауіп төнбеуі керек. Әсіресе олардың техникалық тұрғыда және өрттен қауіпсіз болуы мұқият тексеріледі. Сондықтан бұл жерде адами әрекеттің орын алуы кәдік. Айталық, ары-бері тасыған кезде немесе орын ауыстырғанда бір жерден қате кеткен болуы мүмкін.
Екі жыл ішінде екінші жарылыс. Әсіресе өзгелерге бейбітшілікті үндейтін еліміздің бейбіт күнде мұндай масқараға жол беруі – салғырттықтың шырқау шегі. Ашуға булыққан сарапшылар осылай деді. Олардың пікіртінше, екі облыстағы оқиғадан сабақ алатын кез келді. Енді қалған өңірлердегі қоймаларда сақтық жұмыстарын күшейту қажет.
Бақытжан Ертаев, сарапшы:
- Утилизация болып жатыр. Одан кейін порхтың өзі де ескіреді. Адамның қартайғаны секілді порх та ескіреді. Сосын оны әр уақытта жаңартып тұру керек. Өзгертіп тұру керек. Өртеп жандырып тұру керек. Сондай жұмыс істеліну тиіс. Бір күнде емес, күніге істелінетін жұмыс болу қажет.
Дастан Әбілдин, заңгер:
- Қорғаныс министрі болған оқиғаға байланысты жауапкершілікке тартылуы тиіс. Себебі министрлік өкілдері бірінші Арыстағы қателіктің салдарын жоймаған. Сондықтан барлық өңірдегі әскери құрылымды қатаң күзету керек. Болған іске байланысты қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Бірлік Берікұлы, тілші:
- Қазір ел аумағындағы әскери құрылымдарды қалпына келтіру аса маңызды. Себебі елдегі оқ-дәрілерді емес, оларды сақтайтын қойманы жаңартпай, жағдай оңалмайтын сияқты. Сарапшының сөзінше, Кеңестік одақтан ірге бөлгенімізбен, сол кезеңнің көзі болған қару-жарақ сақтайтын орындар әбден ескірді. Тәуелсіздік алғалы жаңадан салынған нысан жоқтың қасы. Алдымен министр осы мәселені тиянақты түрде ретке келтірсін. Оның жұмысын қағаз жүзінде емес, қоғам белсенділері, комиссия мүшелері және журналистер қауымы болып, бір-бірлеп тексеріп шығу керек деген ой тастады.