Тараздағы жарылыстан қаза тапқандардың туған-туыстарына мемлекеттік наградалар табыс етілді
Қорғаныс министрлігінің саперлары апат орнынан тағы бір адамның мәйітін тапқан. Қазір марқұмның кім екені анықталып жатыр. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады. Таразда Мейіржан Аймановқа ескерткіш қойылады. Оны Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында ашу жоспарланып отыр. Бұл туралы облыс әкімі Бердібек Сапарбаев мәлімдеді.
Бүгін жарылыс кезінде ерлікпен қаза тапқан әскерилер мен өрт сөндірушілердің туған-туыстарына мемлекеттік наградалар табыс етілді.
Мейіржан Аймановтың ерлігі ел есінде мәңгі қалады. Ол өзгені құтқару үшін өз өмірін берген жан. Туыстары да, қызметтегі әріптестері де оны батыр деп білсе, енді бүкіл ел оны қаһарман ретінде таниды. Ол өз өмірі қыл үстінде тұрса да, жарылыс кезінде бірнеше адамды ажалдан арашалап қалды. Бүгін оған «Халық қаһарманы» атағы беріліп, мемлекеттік награда ұлына табыс етілді.
Өміржан Айманов, М. Аймановтың інісі:
- Осындай жоғары дәрежелі «Халық қаһарманы» атағын беріп отырғаны үшін Мемлекет басшысына алғысымды айтқым келеді. Жұртымыз аман болсын! Қаза тапқандарға иманды болсын айтқым келеді.
Сондай-ақ қаза тапқан 4 бірдей әскеридің жақындарына үшінші дәрежелі «Айбын» мемлекеттік наградасы табысталды. Олар: әскери бөлімнің өрт сөндіру командасының бастығы Еркін Нәдірбеков, құтқарушы Руслан Жанболатов, механик жүргізуші Марат Мешінбай, әскерилендірілген күзет қызметшісі Оразбек Дәлібаев.
Жандос Дәлібаев, О. Дәлібаевтың ұлы:
- Қарауыл басшысының көмекшісі болып, жауынгерлік қызметке түскен – менің әкем. Келесі жылы 60-қа толатын еді. Осы ерлігі қызмет барысындағы міндеті ғой. «Адал ақтық демі қалғанша орындады» деп сенімді түрде айта аламын.
Төтенше жағдай кезінде қаза тапқандардың әулетіне жәрдем беріледі. Марқұмдардың отбасының әлеуметтік паспорты жасалған. Бірқатары көпбалалы болса, дені отбасының асыруашысы болған.
Бердібек Сапарбаев, облыс әкімі:
- Балалар, немерелер ешқандай қолдаусыз, көмексіз қалмайды. Үкімет тарапынан да, жергілікті билік атынан да көмек болады. Біз бұған демеушілерді де тартамыз. Мейіржанға ескерткіш орнатамыз. Себебі ол келешек ұрпақ үшін маңызы зор. Ұрпақ білу керек.
Халық қаһарманы Мейіржан Аймановтың ескерткіші 16 желтоқсанға дейін салынып бітеді. Ескерткіш Жеңіс саябағына қойылуы мүмкін.
Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Тимур Сейілхан, Руслан Ахатіллә