Бутаково ауылында мал бағатын жер жоқ
Айтуларынша, елді мекен айналасындағы жер түгелдей ірі шаруа қожалықтарына пайдалануға берілген. Азын-аулақ мал ұстап, ет-сүтімен күнелтіп отырған азаматтарға қорадағы төрт түлігін сатудан басқа амал жоқ.
Бутаково елді мекені тау етегінде, шөбі шүйгін аумақта орналасқан. Алайда көркем табиғаттан ауыл халқына пайда жоқ. «Жайылым не шабындыққа арналған жерлерді тек шаруа қожалықтары қолдана алады. Күнделікті сауып отырған бірнеше сиырды қорада бағудан шаршадым. Қысқа мал азығын дайындай алмадық» – дейді Тамара Платицина есімді зейнеткер.
Тамара Платицина, ауыл тұрғыны:
- Жақын маңға мал жаюға болмайды. Амалы жоқ, бақташы 4 шақырым қашыққа дейін алып кетеді. Күз де жақын. 70 мың теңге зейнетақы аламын. Ал орама шөптің бір данасы 15-тен 25 мың теңгеге дейін барады. Үйге отын да алынған жоқ.
Бутаково тұрғындарына қыста малы аштан қырылмас үшін шаруа қожалығы жетекшісімен келісіп, шөп шабудан басқа шара жоқ. Бұл да оңай шаруа емес. Бурахан Жерменов, ауыл тұрғыны:
- Біздің ауылда мал жайылатын жер жоқ. Екіншіден, шабындық жер жоқ. Сол мәселеден қазір ел малдарын сатып жатыр. Жердің бәрі 49 жылға жалға беріліп қойған.
Бұл елді мекен Риддер қаласының әкімдігіне қарайды. Жергілікті билік өкілдері мал жаюға не шабындыққа еш кедергі жоқтығын алға тартып отыр. Бір өкініштісі, олар айтқан жерлерде шөп әлдеқашан орылып алынған.
Мұрат Байжүменов, қала әкімінің орынбасары:
- Бұл ауылға 266 гектар жер аумағы тиесілі. Оларға мал жаюға рұқсат. Қалған жерлер сатылып кеткен. Мемлекеттік конкурс шарттарына сәйкес жеке шаруа қожалықтарына уақытша қолданысқа берілген.
Тағы бір мәселе – шабындық және жайылым жерлердің мақсатты қолданылуына өкілетті органдардан бақылау жасалмай отыр.
Анна Сайбель, «Риддер қаласы жер қатынастары бөлімі» ММ басшысы:
- Келер жылы шабындық мақсаттағы аумақтарға ғарыштан бақылау жүргізуді жоспарлап отырмыз. Заңбұзушылық анықталса, жер мемлекетке қайтарылады.
Өңірде жайылым және шабындық жерлердің тапшылығы мәселесі осымен екінші жыл көтеріліп отыр. Жергілікті әкімдік тығырықтан шығудың жолын таппаса, үйде ұсталатын мал биыл жаппай сатылымға шығуы мүмкін.
Авторлары: Талғат Исламұлы, Әнел Есенбердина, Жігер Бабақанов