Атырау облысында күзгі дала жұмыстарына адам күші жетіспейді
Әсіресе пандемия басталғалы өзге мемлекеттер мен көршілес өңірлерге барыс-келіс шектелгелі дала жұмыстарына қол күшін тарту қиындап кеткен. Биыл мұнайлы өңір Өзбекстаннан арнайы квота арқылы 600-ден астам жұмысшы алдырған болатын. Бірақ оның өзі күрделі проблеманың күрмеуін шешуге аздық етіп отыр.
Бүгінде дала жұмысының қызған шағы. Аумағы 165 гектер алқапта қызанақ, картоп, пияз бен қауын-қарбыз сабағынан үзіліп жатыр. Тек осы игіліктерді уақытылы жинап алу оңай болмай отыр. Себебі жұмыс күші жеткіліксіз. Іргедегі иен тегін байлықты ысырапсыз жинап алуға ауылдықтар асығар емес. Мұндағыларадың басым бөлігі – бала-шаға мен ала тақиялы ағайындар.
Махмұт Биназарұлы, жұмысшы:
- Онша қиын емес, тек күннің астында жүргеніміз болмаса. Түсте екі сағат демалысы бар. Демаламыз, қайтадан шығамыз. Кешкі сағат 20:00-ге дейін жүреміз. Енді жұмыс біткеннен кейін картоп, пияз береді. Ауылда құр жатқаннан жұмыс істеген жақсы.
Иә, ала таңнан тұрып жұмыс істеу оңай емес. Бірақ төгілген тердің қайтарымы бар. Шаруашылық бір жұмысшыға 100-120 мың теңге еңбекақы төлейді. Қос басында тамақ тегін. Бірақ соның өзінде құлшыныс аз. Сондықтан жұмысшы күші өзбек ағайындармен толтырылған. Осы шаруашылықтағы 75 жұмысшының жартысынан көбі шетелден келген көмекшілер. Тіпті дала қосының жетекшісі Айдос Байниязов та алыс Қарақалпақстаннан келіп, еңбек етіп жатқанын айтады.
Айдос Байниязов, егістік агрономы:
- Басында қарапайым жұмысшы болып келдім. Қазір осы балалардың басы-қасында жүрмін. Жұмыс жасағанға табыс бар. Ертең осы жерден көкөністерін алады. Жақсы істегендерге ауылдық жер болғасын мал ұстайды. Малға шөп беріледі.
Биыл Махамбет ауданына арнайы квотамен 204 жұмысшы сырттан алдырылған болатын. Олар ерте көктемнен бастап жер жырту, тұқым себу секілді ауыр жұмыстарды атқарып берді. Енді егін піскенде де бар ауыртпалық соларға түсіп жатқандай. Билік жергілікті тұрғындардың құлшынысын арттыруды көздеп отыр.
Мұратбек Сәлменов, аудандық Ауылшаруашылығы бөлімінің сектор меңгерушісі:
- 200 жергілікті азаматтар тартылды. Яғни бізде күзгі егіске Жұмыспен қамту орталығы арқылы тағы да ауыл адамдарын шақыруды жоспарлап отырмыз. Құлшыныс азғантай дегенде, біз жан-жаққа хабарлама беріп жатырмыз. Жергілікті тұрғындар өздеріңіз көріп тұрғандай, осы жерде 25-30 адам ғана жұмыс істеп жатыр.
Мұнайлы өңірде үш мыңнан астам қожалық бар. Оның жартысына жуығы егінмен айналысады. Жұмыс күші – олардың барлығына ортақ проблема. Жаз бойына тырбынған еңбектің жемісі рәсуа болмас үшін шаруашылық иелері қымбат та болса, жұмыс күшін сырттан жалдап келеді. Биыл шетелден шақырылған 600 жұмысшының әрбірінің жол ақысы 200-220 мың теңге шамасында. Ол шығынды да шаруашылық өз мойнына алуға мәжбүр болып отыр.
Авторлары: Арыстанбек Кенже, Амантай Мәтенов