Жезқазғанда жаңа балабақшаның құрылысы 8 жылдан бері аяқталар емес
Алайда мердігерлердің жауапсыздығынан жұмыс аяқсыз қалған. Ал қала бойынша 3 мыңға жуық бүлдіршін кезегін күтіп отыр. Ауласы балаларға толы мына көпқабатты үйде кілең жас отбасылар тұрады. Олар іргедегі балабақшаның ашылуын тағатсыздана күтіп жүр. 320 балаға арналған бөбекжай 2017 жылы ел игілігіне берілуі керек еді. Алайда құрылысы әлі күнге дейін аяқталмай отыр.
Перизат Аршыкенова, Жезқазған қаласының тұрғыны:
- Мына балабақшаны істеп жатқанына 5-6 жылдай болды. Әлі кезекте тұрмыз. Бірақ ешқандай жауап жоқ, қозғалысты да көріп тұрған жоқпыз. Мына біздің үйдің барлығы негізінде осы бала-бақшаға барады, барлығы кезекте тұр.
Тоғжан Тапишева, Жезқазған қаласының тұрғыны:
- Алысқа апарамыз. Таңертеңгілік уақытта өте қиын, әсіресе қыстың күндері. Есіктің алдындағы балабақша әлі ашылған жоқ. Біз осы үйге көшіп келгенде ашылады деген. Содан бері 5 жыл өтті, әлі тұр.
Әлеуметтік нысанның құрылысына мемлекет қазынасынан 819 миллион теңге қаржы бөлінген. Тапсырыс беруші – Қарағанды облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасы. Мердігер балабақша құрылысын 2017 жылы аяқтамаған соң, келісімшарт тағы бір жылға ұзартылған, әрі ол үшін компания айыппұл төлеген. Бірақ соған қарамастан жұмыс аяқсыз қалды. Қазір олардың үстінен қылмыстық іс қозғалып, жаңа мердігер анықталған.
Нұржан Орынбаев, Сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары:
- Мердігер компания анықталды. Енді 2018-2020 жылдар аралығында бұл нысан толығымен тоқтап тұрды ғой. Нысан тоқтап тұрған соң, ол жерде көптеген ақаулар пайда болған. Сол ақауларды жөнге келтіру, сондай-ақ басқа да жұмыстарды аяқтау үшін қаражат қарастырылған. Биыл аяқталады деген жоспарымыз бар.
Қазір мысты шаһарда 6 жасқа дейінгі балалардың тәрбиесімен айналысатын бар-жоғы 30 мекеме болса, соның тек 14 ғана мемлекеттік, қалғаны – жекеменшік. Ал бүгінде кезекте тұрған бүлдіршіндер саны 3 мыңға жуықтаған. Онсыз да баяу жылжитын бұл кезекті кешіккен құрылыс тіпті тұралатқан.
Дамира Алтайбаева, Жезқазған қалалық білім бөлімінің бас маманы:
- Иә, балабақша тапшылығы бар. Бірақ мектепке дейінгі білім беру тәрбиесін ұлғайту мақсатында жалпы жобалық қуаттылығы 880 орынды құрайтын 4 бала-бақша салу жоспарланып отыр. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарын бастау үшін жобалық-сметалық құжат әзірленуде.
Айта кету керек, бұл 4 балабақша да жергілікті компанияның бірінің қаражатына салынбақ. Әрине, кезектегі 3 мың баланы бөбекжаймен бірден қамтуға бюджеттің мүмкіндігі жоқ екені белгілі. «Сондықтан келешекте бұл іске қалталы азаматтар атсалысса», – дейді білім бөлімінің өкілдері.
Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Сайран Ақамбаев