Хабар телеарнасы

Жезқазғандағы Кеңгір су қоймасы жағалауы қоқыстан тазартылды

Жезқазғанда Кеңгір су қоймасы жағалауы мен Даңқ аллеясы қоқыстан тазартылды. «AMANAT» партиясының облыстық филиалы ұйымдастырған науқанға «Жасыл ел» еңбек жасағының 50 сарбазы қатысты. Олар су қоймасының жағалауын тазалау жұмыстарын осыдан 1 ай бұрын қолға алған. Бұл жолғы акция Ұлттық домбыра күніне орайластырылды. Тазалық шарасынан соң, екі ішекті аспапты жанына серік еткен жастар табиғат аясында ән шырқап, күй шертті.

Дарын Төлеубай, «Жасыл ел» еңбек жасағының жетекшісі:
-Мұндай акцияның мақсаты қаламыздың экологиялық ахуалын жақсарту және қатарымыздағы балаларға еңбекке баулуды үйрету. Балаларға қаламызды жақсы көруді, таза ұстауды үйрету. Жауапкершілікке үйрету.

Шымкентте де «Таза бейсенбі» науқаны ұйымдастырылды. Депутаттар мен қоғам белсенділері және «Жастар рухы», «Жасыл ел» еңбек жасағы «Қошқар ата» өзінінің жағалауын қоқыстан тазалады. Ағаш бұталарының артық өскіндерін қырқып, шөп орды.

Ал Аягөз ауданында «Аягөз» өзенінің арнасы тазартылды. Жалпы Абай облысында «Таза Қазақстан» науқаны басталғалы 68 мың аулада тазалық жұмыстары жүргізіліп, 41 мың тонна қоқыс шығарылған.