Хабар телеарнасы

Ордабасылықтар «Боралдай» су қоймасының салынуына қарсы

Түркістан облысы Ордабасы ауданының тұрғындары «Боралдай» су қоймасының салынуына қарсы. «Себебі Боралдай мен Қызылсеңгір елді мекендерінің ортасынан бой көтеретін нысан сол аумақтағы ауылдарға қауіп төндіруі мүмкін»,– дейді өңір жұрты. «Ал жергілікті билік алаңдауға негіз жоқ. Қайта қойма салынса, облыстағы біраз ауданды ағын сумен қамтуға мүмкіндік туады»,– деп отыр. 

Бәйдібек ауданындағы таулардан бастау алатын Боралдай өзенінің бойынан су қоймасы салынады дегелі Қызылсеңгір, Боралдай және Көктөбе ауылы тұрғындарынан маза қашты. Үш ауылда үш мыңнан астам халық тұрады. Олардың айтуынша, қойма тасыса жайылымнан бөлек, егістік пен шабындық жерлер түгел су астында қалады.

Даниярбек Қалмырзаев, Қызылсеңгір ауылының тұрғыны:

-Бұлар 44 млн текше метр су жинап, қашыртқыны 250 текше метр қылып отыр. Ондай су келетін болса, міндетті түрде су қоймасын бұзып кету қаупі болады. Тек қана Боралдай, Қызылсеңгір, Көктөбе ауылы емес, аудан орталығы Темірлан да судың астында қалады.

Халық қойма салмас бұрын тиянақты зерттеу жұмыстарын жүргізуді талап етіп отыр. «Себебі ағысы қатты өзеннің әр көктем сайын жұртты әбігерге салып, жер асты суын көтеріп жіберетінін ешкім есермеді»,–дейді тұрғындар.

Есенбай Ерсінхан, Қызылсеңгір ауылының тұрғыны:

-Таудан бастап тас бері қарай тас ағып келеді. Ал енді мына жерге дамбы салынатын болса, сол ағып келген тас қайда барады. Су қоймасының ішінде қалады да, бір жыл, екі жылдың ішінде толады да қалады. Бұл болашағы жоқ нәрсе. Аудан әкімдігіне, облыс әкімдігіне айттық қарсымыз деп.

Ал жауаптылардың сөзінше, ағын су тапшылығын шешу үшін қойма салу туралы жоба 3 жыл бұрын қолға алынған. Сыйымдылығы 45 млн текше метр болатын нысанның техникалық экономикалық негіздемесі әзір. Жоба жүзеге асса, 67 мың гектар жерге су барады, әрі көршілес аудандар мен Түркістан қаласын да ағын сумен қамтиды.

Нұрболат Бердімұратов, Ордабасы аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары:

-Бұл жоба қазіргі таңда құжаттары жинақталу үстінде. Барлығы құжаттары сәйкестендірілгеннен кейін ұсыныс беріледі, республикаға, барлық министрліктерден соглосование алынады. Одан кейін барып су қойманың салыну немесе салынбау шешімі шығарылатын болады.

Бұған дейін ауыл тұрғындарына екі рет түсіндіру жұмыстары жүргізілген. Қоғамдық тыңдау келесі жылдың қаңтар айына жоспарланып отыр. «Халық су қоймасын басқа жерден салуды ұсынса, орны ауыстырылуы мүмкін»,– дейді жауаптылар.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш