Атыраулық шаруа өзінен артылған 5 мың гектар жерді мемлекетке қайтармақшы
Алайда соңғы 15 жылда мал басының күрт өсуіне байланысты жайылым мен шабындық тапшылығы сезіліп отыр. Енді жергілікті биліктің араласуымен бос жатқан жерлер кері қайтарыла бастады.
Қызылқоға ауданындағы «Құрман» шаруа қожалығында 600-ден астам сиыр мен 2 мыңға тарта ұсақ мал бар. Осыдан 3 жыл бұрын несиеге алған ангус тұқымды қара сиырлар құмды өңірге жерсініп, алғашқы өнімдерін бере бастаған. Енді шаруаны қинайтыны – жер тапшылығы.
Құрман Аманғалиұлы, шаруа:
- Мал басын 1 мыңға жеткізуге болады. Тек жер жетпейді. Айналдырған 3,5 мың гектар жеріміз бар. Жылқы бар, түйе, қойымыз бар. Жер жетпейді. Қазір қай шаруашылыққа барсаңыз да, осы мәселе.
Құрманмен көршілес қой өсіретін шаруашылық екі жылдан бері мал басын асылдандырып, қойдың санына емес, сапасына көңіл бөле бастапты. Сол себепті қарамағында 35 мың гектар жердің артығын мемлекетке қайтарғалы отыр.
Нұрбай Әбдірахманов, шаруа қожалығының жетекшісі:
- Ойыл өзенінде су болмауына байланысты соңғы кезде шөп жағынан таршылық көріп отырмыз. Өзімізден артылған 5 мың гектар жерімізді Үкіметке кері қайтардық. Енді малымызды асылдандырып жатырмыз. Әрбір қыстақ басына 400 тоннадай шөп дайындау үстіндеміз. Бұрын жеке қожалықтарға сатушы едік, енді қазір су тапшылығына байланысты сататын шөп жоқ.
Қызылқоға ауданында 2,5 млн гектардан астам шабындық пен жайылым бар. Қазір 400 мың гектарына көршілес Индер мен Мақат ауданының шаруашылықтары шалғы салған. Оның басым бөлігі – бұрын игерілмей бос жатқан жер телімдері. Президент тапсырмасына сай енді жер телімдері тек қана нақты жұмыс істейтін шаруашылықтарға конкурс арқылы берілетін болады.
Жәнібек Тұрдағалиев, Қызылқоға ауданы әкімінің орынбасары:
- Конкурсқа 59 жер телімі шығарылып, оның 57 өтті. Екеуіне түсуші болған жоқ. Конкурс арқылы 54 мың гектар жер берілді. Игерілмеген жер бойынша соңғы 2 жылда 82 мың гектар жер қайтарылды. Конкурстың басты қағидаты – 1 гектар жерге кем дегенде 30 мың теңге инвестиция салуы керек. Одан төмен болса, бағалауға жатпайды.
Атырау облысы бойынша биыл 573 мың тонна мал азығы дайындалуы керек. Оның 400 мың тоннасы қыстақ басына жеткізілген. Қазір Қызылқоға, Құрманғазы аудандары өздеріне керекті жем-шөпті толық дайындап алды. Басқа аудандар көршілес Батыс Қазақстан, Ақтөбе облыстарынан тасымалдануда. Шөп шығынын мемлекет субсидиялайтын болады. Осы мақсатқа биыл жергілікті бюджеттен 400 млн теңге қаралған.
Авторлары: Арыстанбек Кенже, Амантай Мәтенов