Елімізде машина жасау саласы алғаш рет тау-кен өнеркәсібін басып озды
Пандемияға қарамай, ел экономикасына айтарлықтай үлес қосқан да осы сала. Елордаға машина жасаушылар жиналып, 9-шы форумын өткізді. Халықаралық жиында отандық өндірушілер, шетелдік кәсіпкерлермен кездесті. Ортақ жобаларды бірлесіп талқылады.
Бірлік Берікұлы, тілші:
- Жалпы мұнда талғамыңызға байланысты Қазақстанда құрастырылған 10 шақты жеңіл көліктің түрін кездестіруге болады. Жоқ, біз базарда емеспіз. Мына жеңіл көліктерге екпін салмай-ақ қояйық. Бізге қызық боп тұрғаны –100% тоқпен жүретін автобус. Қазір пандемияға байланысты көшеде күнде көріп жүрген медициналық көлік, сонымен қатар жүк көлігі, автобус, қазіргі орақ салуға байланысты өте өзекті болып отырған алып техника. Ар жағында трактор, тағы да жүк көліктері кете береді. Жалпы осы көліктерді өндіретін компаниялардың өкілдері Елордада бас қосты. Бір-бірімен пікір алмасады, сауда жасайды, арасында мақтанып та алады. Енді ше?! Мынандай техникаң болса6 мақтанбағанда ше?! Олардың қандай әңгіме өрбітіп жатқанын ішке кіріп, бірге білейік.
Іште қыруар қаражаттың әңгімесі қозғалып жатыр-ау. Біреуі сатып, бірі көрсетіп, енді бірі алудың қамына кірісіп кеткен. Сырттан қарап, тұтынушы мен сатушы арасындағы бұрқыраған сауданың иісін сезуге болады. Себебі бұл жерде делдалсыз байланыс орнатуға мүмкіндік бар. Бүгінгі кәсіпке де керегі осы.
Мейрам Пішембаев, Қазақстан машина жасаушылары одағының басқарма төрағасы:
- Бұл көрмеге 200-ге жуық отандық және шетелдік өндірістер қатысып жатыр. Бұл оларға үлкен мүмкіндік береді. Өйткені өздерінің жетістіктерін жаңадан жасап жатқан жобаларымен көрісіп, бөлісіп және өзара пайдалы келісімшарттар жасауға мүмкіндік береді.
Мәселен, бұл қазақстандық компания сұйықтық өндірумен айналысады. Ол машина жасауға қажетті қондырғыларды қақтан қорғайды. Мұнай өнімдерін де қалдықтан тазартады. Осындай химиялық қоспаларды әзірлеп, өзіміздің, көрші елдердің нарығына шығарып жүр.
Шыңғыс Өксікбаев, сұйықтық әзірлейтін компанияның өкілі:
- Біз осындай форумдарға қатысу арқылы қарым-қатынас жасауға, осы мұнай саласында жұмыс жасайтындармен танысуға зор мүмкіндік бар. Мысалы, 2020 жылы Өзбекстанда форум болды. Сол форумның арқасында Өзбекстанның ТЭЦ-терімен танысып, көздерін жеткізіп, бірге жұмыс жасап жатырмыз.
Мұндағы кез келген компания өкілі бірлесіп жұмыс істеуге ниетті. Соның бірімен Қазақстан келісімге отырды. Енді 2024 жылы Қостанайда жылына 45 мың тонна шойын құятын зауыт ашылады. Ол ғана емес. Әйгілі корей техникасына қажетті қосалқы бөлшектер енді бізде жасалады.
Мамандардың сөзіне сенсек, біздің ел машина жасау саласын мықтап меңгерген. Соңғы алты айда 47 мың автомобиль жасаппыз. Оның бес мыңын Ресей, Беларусь, Өзбекстан мен Қырғызстанға жөнелткен.