Байқоңыр маңындағы елді мекендер көгілдір отынның қызығын көре алмай отыр
Қалашықтықтың іргесіндегі Төретам және Ақай ауылдарының тұрғындары да көп ұзамай көгілдір отынның игілігін көреміз деп қуанған.
Алайда 14 мыңдай халқы бар қос елді мекенге әлі күнге дейін газ құбыры тартылмаған. «Шенеуніктердің жыл сайынғы уәдесіне тойдық», - дейді тұрғындар.
Төретам кентіндегі мына көппәтерлі үйлердің іргетасының қаланғанына 50 жылдай уақыт өткен. Орталық жылу жүйесі істен шыққандықтан, әр пәтерде ошақ пеш бар. Үй тұрғындары қауіпті болса да, қақаған қыста көмір жағып жылынады екен.
Алмабек Орақбаев, Төретам кентінің тұрғыны:
- Амал жоқ қыстайды. Көмірді қаптап алады. Түтінінің балдарға қауіптілігі тимесе дейміз. Бізге газды жалғап, суды кіргізіп берсе, соған қуанамыз.
«Тамызыққа отын табу қиын. Көмір сатып алу үшін, ұзақ уақыт кезекке тұрамыз», - дейді тұрғындар.
Панагүл Асанова, Төретам кентінің тұрғыны:
- 17 мың теңгеден көмір аламыз. Қазір көмір де қымбаттап кетті ғой. Оған да қырғын кезек. Оны да жарыған адам алады. Үйіміз жылымайды. Жылымаса да амал жоқ енді, отырмыз.
Газ құбыры Төретам және Ақай ауылдарының іргесінен өтіп, Байқоңыр қаласына қосылғанына да төрт жылдай болыпты. Сол кезде әкімдіктегелер көп ұзамай жұлдызды қос ауылға да көгілдір отын беріледі деп уәде еткен. Қылышын сүйреткен тағы бір қыс келіп қалды. Газ құбыры қашан тартылады? Ауылдықтардың көкейіндегі сауалды жауапты мамандарға қойдық.
Дариха Тұрмағамбетова, Қармақшы аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің бас маманы
- Төретам кенті бойынша жобаның жалпы сметалық құны 1,5 млрд теңгені құрайды. 1780 үйге газ кіргізу қарастырылған. Газ құбырының желісі 97 шақырымды құрайды. Жоба құрылысы мердігерін анықтау мақсатында бүгінгі күні мемлекеттік сатып алу конкурсы ұйымдастырылуда.
Ақай ауылына да газ құбырын тарту үшін 1 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінген. Мемлекеттік сатып алу рәсімдері өткеннен кейін, жоба мердігері анықталмақ. Бұл шаралар нақты қанша уақытқа созылатыны белгісіз. Биыл да газ келіп, мәз бола алмайтынын түсінген ауылдықтар отын дайындау қамына кірісіп кеткен.
Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Әлхайдар Тұрлыханов