Қазақстанда 8 мың құрылыс маманы ауадай қажет болып тұр
Бірақ бұл таңдамалы мамандықтар тізімінде жоқ. Сондықтан оған көбі құлшынбайды. Еліміздің Құрылысшылар одағы осыған қатты алаңдаушылық білдіріп отыр.
Ердәулет Ыбырайұлы, тілші:
- Құрылыс нысанына аяқ басқан бойда арнайы киім кию – алғашқы талап. Ол қауіпсіздік үшін қажет. Мен өзімнің осы кейпіме қарап, тілші қызметімді құрылысшы мамандығына ауыстырығым келіп кетті. Себебі осы мамандық иелерінің қазір қаны жерге тамбай тұр. Олардың жұмысымен жақынырақ танысайық.
Ішке еніп, алғаш кезіккен маманға шәкірт болуға келістік. Бір-екі шегені оп-оңай бұрағанға іштей қуанып, осыған бола оқудың не қажеті бар деп ойлаған едім. Тапсырма қиындай түскенде, кідіріп қалдым. Сырттан келген адамның мынадай сызбаны түсініп, құрылысты өз бетінше алып кетуі екіталай. Құрылыс компанияларының білікті маманға мұқтажбыз деп жүргені осы. Тығырықтан шығудың төте жолы осы. Білімі болмаса да, ынтасы бар жастарды іске баулу. Фараби Сейдалиев кәсіби құрылысшы ретінде осындай топқа жетекшілік жасап жүр.
Фараби Сейдалиев, өнідріс бойынша шебер:
- Әрине, өзіме ұнайды таңдаған мамандығым. Жұмыс істей келе, сол оқығандарымызды көрсеттік. Мен үшін моналит, кірпіш өру қиын болды.
Бірақ дәл осы кейіпкеріміздей арнайы білім алып, салаға еңбек сіңіруге қызығушылар көп болмай тұр. Орта есеппен алғанда құрылыста жүрген әр 100 адамның тек алтауының дипломы бар.
Нағашыбек Самитбек, құрылыс аумағының басшысы:
- Құрылысқа жас мамандар жетпейтіні рас. Бізге қазір керегі – жоспарлы-техникалық бөлімнің құрылыс жұмыстарын жүргізушісі. Бізге оқымаған, мамандығы жоқ адамдар келеді. Оларды үйретеміз деп шашымыз ағарады.
Шаш ағаратындай жайы бар. Кейде тап осыған ұқсас біліктілігі аз ұжым, құрылысты өз мерзімінде аяқтай алмайды. Ал аяқтаған күннің өзінде құрылыс сапасыз болып шығуы мүмкін. Сарапшылардың «маман тапшы» деп шырылдауының бір себебі осында жатса керек.
Лилия Испенбетова, тәуелсіз сарапшы:
- Құрылыс бағытындағы белгілі мамандықтарды оқыту бағдарламасын қайта қарастырып, өзгерістер енгізу қажет. Оқу орындары жұмыс берушілердің пікірін ескергені дұрыс. Мәселен, Қазақстан бойынша жылына 15 кран жүргізушісі ғана дайындалады. Осы басқа да мамандықтарды қоса алғанда елімізде 8 мың құрылысшы жетіспейді.
Жастар бұған құлақ асып, құрылысшы мамандығына оқуға ден қойса, қайда еңбек етеді? Анықтағанамыздай, бізде үй салумен айналысатын 1200 компания бар екен. Олар жастарға «бізге келіңіздер, жалақымыз лайықты» деп үгіттеумен әуре. Бір қызығы, айлығы жоғары, келешегі кемел мамандықтар тізімінен біз құрылысшыны таба алмадық. Кім білсін?! Мүмкін саладағы маман тапшылығы содан да шығар?!
Авторлары: Ердәулет Ыбырайұлы. Аманжол Байғазин, Аян Сәрсенбаев