Солтүстік өңірлерде көмір тапшылығы қашан шешіледі?
Әкімдік өкілдері жылу маусымына дайын болмағанын да мойындады. Жылыту маусымы ресми түрде 10 күн бұрын басталса да, бірнеше көпқабатты үйге әлі күнге дейін жылу берілмеген. Ал Солтүстік Қазақстан облысында көмір тапшылығы мәселесі шешімін таппады. Салдарынан жер үйлер жылына алмай отыр.
Павлодарда 56 көпқабатты үйде жылу жоқ. Себеп – желілердің тозуы мен жиі бұзылуы. Бүгінге дейін инженерлік жүйеде 500-ден астам ақау анықталған. Мәселені шешу мақсатында жылу таратушы ұйым мен әкімдік құны 5 млрд. теңге болатын кешенді жоспар әзірлеген.
Арслан Қалиақбаров, қалалық ТКШ бөлімінің басшысы:
- Кешірім сұраймыз. Өз басым кешірім сұраймын. ЖКХ бөлімі, тұрғын үй инспекциясы өздері барып дәнекерлеу жұмыстарын істейді деп ойламаңыздаршы. Ол жұмыстарды істейтін жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бар. Желілерді жаңарту бойынша кешенді жоспар әзірленіп жатыр. Бүгінде шамамен 90% дайын.
Ел солтүстігінде жылу маусымын тиісті деңгейде өткізуге көмір тапшылығы кедергі. Халық «Қаражыра» мен «Шұбаркөл» таппай сандалып жүр. Петропавлға жеткізілетін үш вагон санаулы сағатта сатылып кетуде. Қара отын саудалайтын қоймалардың алдында ұзын–сонар кезек қалыптасқан.
Евгения Островская, облыстық Энергетика және ТКШ басқармасының бөлім басшысы:
- Қазір орақ науқаны. Вагондардың барлығы астық тасымалдауға жұмылдырылған. Салдарынан осындай мәселе туындап отыр. Бұл жылда қайталанады. Сондықтан біз тасымалдаушы компанияға арнайы хат жолдадық. Бірақ әзірге олардан нақты жауап келмеді.
Ал Көкшетауда «Шұбаркөл» көмір тапшы. Сұраныс жоғары өнім ешбір орында жоқ. Жауапты мамандар «көмір жеткілікті» деп ақталса, халық шағым айтуда. Өңірде көмірдің тоннасы 13700 теңгеден сатылған.
Жанна Әбдірахманова, қала әкімінің кеңесшісі:
- «Шұбаркөл» көмірі күнделікті келіп тұрады. Алайда бізде Бурабай мен Зеренді аудандарының тұрғындары келіп, бізден ол көмірді сатып алады. Кейбір адамдарға жетпей қалса, олар «болмай жатыр, жетпей жатыр» деген ақпарат береді.
Энергетика министрлігі көмір өнімдерін тұтынудың жоспарын әзірледі. Құжатқа сәйкес биыл қыстан тоңбай шығу үшін коммуналдық-тұрмыстық секторға 2,7 млн. тонна, ал халыққа 6,4 млн. тонна қажет. Бүгінде тұрғындарды қатты отынмен қамту көрсеткіші 50%-тен асқан.
Авторлары: Ақмарал Есімханова, Марат Игіліков