Хабар телеарнасы

«Анаға тағзым» орталығы қазіргі қоғамда маңызы зор жобаға айналмақ

Енді қала жастары гимнастика және үстел теннисімен тұрақты түрде айналыса алады.

Аналар мен қыз-келіншектер бас қосып, өзін-өзі дамытуға бағытталған орталық та пайда болды. Жаңа жобалар Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай тұрғындарға тарту болды.

«Анаға тағзым» орталығы – қазіргі қоғамда маңызы зор жоба. Мұнда қыз-келіншектерге қоғамдағы қиындықтарды жеңуге бағыт-бағдар беріледі. Ас даярлау, тігін тігу сияқты тегін мамандыққа үйренеді. Өзін-өзі дамытады. Сонымен қатар отбасылық проблемаларға, тұрмыстық-зорлық зомбылыққа ұшырап жүрген аналарымыз психологтың көмегін жүгінеді. Ең бастысы қыз балаларға ұлттық тәрбие беру бағытында бірнеше үйірме жұмыс істейді.

Эльмира Мырзағали, «Анаға тағзым» орталығының директоры:

- Ене мен келін «Ақжаулықты» мектебі бар. Қайын сіңлі мен жеңгенің институтын жаңғырту мақсатында «Сырғалым» деген клуб бар. Бұл жерде мына 7 жастан бастап 17 жасқа дейінгі қыздар келіп, тәрбие алады. Басты бір ерекшелігі мұнда сіз тек қыз балаңызды әкеліп тастап өзіңіз кетіп қалмайсыз. Бұл жерде қыз анасымен бірге айналысады.

Енді жастар гимнастика және үстел теннисімен спорт кешенінде шұғылдана алады. Жоба құны – 1,5 миллиард теңге. Заманауи үлгідегі нысан Таразға кіреберісте бой көтерді.

Бердібек Сапарбаев, Жамбыл облысының әкімі:

- Қаламызда мынау гимнастика мен үстел теннисімен айналысатын орталықтар жоқ. Соған сәйкес арнайы орталық ашылды. Халықтың атынан мына Арман Еділбаевқа, Мейрамбек Жүнісовке үлкен рақмет айтамын. Осы екі азамат аз уақыттың ішінде өздерінің қаржысына мына біздің балалар үшін, біздің аналарымыз үшін екі орталық ашылды. Бұл жұмыстар өзінің жалғасын табады.

Айта кету керек, бұл нысандарды салуға бюджеттен бір тиын да бөлінбеген. «Таразға тарту» жобасы аясында демеушілікпен салынып отыр. Бұдан бөлек Таразда Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай екі әмбебап спорт алаңшасы, «Ана мен бала» сквері және әлеуметтік дүкен ашылып, 45 пәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілді.

Авторлар: Руслан Бақытбекұлы, Бақытжан Бапаев, Руслан Ахатіллә