Жамбыл облысында жаңа саябақ пайдалануға берілді
Сол жақтан жағымды жаңалық жетті. Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында шағын шаһардың тұрғындарына жаңа саябақ пайдалануға берілді. Саябақтың ішінде тіпті мини-футбол, баскетбол ойнайтын алаңқайлар да бар. Саябақ бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында салынған. Кешен бүгін ашылып, оған «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 30 жыл» деген атау берілді.
Қаратаудың бұл бөлігі қараусыз жататын. Батпағы езіліп, тұрғындар аяқ алып жүре алмайтын еді. Ендігі көрініс осы. «Бұл – сыйлықтың төресі болды», – дейді шағын шаһар тұрғындар.
Айзада Шатқалбаева, Қаратау қаласының тұрғыны:
- Өте керемет! Балалардың ойнауына да, бізге де жақсы болды. Балаларымыз қуанып жатыр. Жақсы көңіл-күйдеміз. Үлкен рақмет.
Лес Нұрұлы, Талас ауданының құрметті азаматы:
- Балалар үшін де, үлкендер үшін де үлкен игілікті іс болып отыр. Немере-шөберелерін ертіп келіп, осы жерде демалып, жас балалар алаңда ойнап жүр. Осындай игі істердің көбейе беруіне біз әр уақытта тілектеспіз.
Саябақты сыйға тартқан – «Қазфосфат» компаниясы. Бұл бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі, оның үстіне биыл мұндай сыйлық сыйлаудың салмақты себебі бар, ол – Тәуелсіздіктің 30 жылдығы. Саябақта футбол, баскетбол, стрит воркаут сияқты ойын алаңдары бар. Бұл тұрғындардың тек жүрмей, бұқаралық спортпен шұғылдануына үлкен көмек.
Нұрхан Нұрланов, «Қазфосфат» компаниясының бас директоры:
- «Қазфосфат» кәсіпорнының өз өндірісі бар Қаратау және Жаңатас қалаларында біз барлық әлеуметтік жобаларымызды іске асырамыз. Біз үшін компания қызметкерлерінің әрдайым спортпен шұғылданып, сапалы демалғаны аса маңызды. Сондықтан жыл соңына дейін және келесі жылы бірқатар нақты әлеуметтік жобаларды іске асыратын боламыз. Оның ішінде жергілікті тұрғындарды баспанамен қамту мәселесіне басымдық беріліп отыр. Алдағы уақытта 72 отбасыға пәтер беріледі.
Химия өндірісінің алыбы саналатын компания жылдың аяғына дейін Тараз қаласындағы жағажайдың құрылысын бітіріп пайдалануға бермек. Ал келесі жылы Жаңатас қаласында 225 пәтерлі бірнеше тұрғын үйдің кілті табыс етіледі.
Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Тимур Сейілхан, Руслан Ахатіллә