Қарағандылық зауыттағы «ақылды» техникалар бірнеше қондырғыны басқара алады
Ауыр жұмыстың барлығын «ақылды» техникалар атқарады. Бұл сандық технологияның жемісі. Ең бастысы, өнім көлемі ұлғайып, еңбек қауіпсіздігі артқан. Енді алдағы 4 жыл ішінде өңірдегі ең ірі 11 кәсіпорынға да әлемнің озық технологиясы енгізіледі.
Әлемнің озық технологиясымен жұмыс істейтін мына әмбебап машина бір мезетте бес бірдей қондырғының жұмысын атқарады. Ең бастысы, өте күрделі бөлшектерді аз ғана уақыт ішінде, өте жоғары сапада жасайды екен. Тапсырыс берушінің талабына қарай кез келген затты қашап шығуға болады.
Алмас Нұртазин, қондырғы операторы:
- Қазіргі станоктың айырмашылығы – әмбебап станокка қарағанда кішкене жылдам істейді, көп зат істей алады. Бір адам 2-3 станокта істей береді. Ал универсалда бір адам бір станокта ғана істейді. Қауіпсіз, есігі барлығы жабық тұрады. Адамға ешқандай зияны жоқ.
Қазір Қарағандыдағы құю-машина жасау зауытында дәл осындай 55 заманауи қондырғы бар. Барлық жұмыс автоматтандырылған. Соның арқасында еңбек өнімділігі тек соңғы үш жыл ішінде 200%-ке ұлғайыпты. Мәселен, 2019 жылы зауыт 6 миллиард теңгенің өнімін өндірсе, биыл бұл көрсеткіш 13 миллиардтан асып жығылған. Мұндай мол табысқа олар сандық технологияға көшу арқылы қол жеткізіп отыр. Мамандар бүгінгі таңда өнімнің 12 мыңнан астам түрін жасайды. Бірақ бұл – шектеулі көрсеткіш емес, инженерлік-техникалық кешеннің мүмкіндігі мол.
Андрей Сафонов, зауыттың өндіріс жөніндегі директоры:
- Өндірісті толық жаңғыртудың арқасында еңбек өнімділігін арттырып, технологиялық мүмкіндігімізді, көкжиегімізді кеңейттік. Бұрын-соңды жасамаған өнім түрлерін өндіре бастадық. Қазақстанның әр түкпірінен тапсырыс берушілер көбейді. Ендігі жоспар – мұнай-газ, энергетика, теміржол салаларындағы сұранысты қамтамасыз ету. Ол үшін алдағы бір жыл ішінде тағы бірнеше цехты іске қосатын боламыз.
Жалпы облыс бойынша осы күнге дейін 23 цифрлық жоба жүзеге асқан. Ол мақсатқа шамамен 190 миллиард теңге қаржы жұмсалыпты. Тек биылдың өзінде өңірде екі кәсіпорын іске қосылды.
Әлібек Молдакәрімов, Өнеркәсіп және индустриялық-инновациялық даму басқармасының бөлім басшысы:
- Елімізде «Цифрлық модельді фабрикалар» деген ұғым бар. Соның ішінде екі фабрика біздің облысымызда іске асырылып жатыр. Негізінен цифрлық жобаларды іске асырғанда ең басты мақсатымыз – еңбек қауіпсіздігі.
Айта кету керек, өңірдегі өндірісті жаңғырту жұмыстары 7 жылға жоспарланған. 2025 жылға дейін ең ірі 11 кәсіпорында 40-қа жуық цифрлық жоба жүзеге аспақшы.
Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Сайран Ақамбаев