Халыққа жақын полиция: Ақтөбеде модульдік және учаскелік бекеттерін орнатылмақ
Алдағы бес жыл көлемінде облыс орталығында полицияның оннан астам стационарлық-модульдік және учаскелік бекетін орнату көзделіп отыр.
Бұл ақтөбеліктерге тәртіп сақшыларының қызметіне кез келген уақытта жүгінуге септігін тигізеді. Қазір қалада полицияның сервистік моделін енгізу қолға алынған. Оның іске асырылу барысымен Мәслихат депутаттары жене қоғамдық кеңес мүшелері танысты.
Полицияның стационарлық бекеттерін орнату қалада биыл ғана қолға алынды. Әзірге бесеуі тұр. Мұнда әрбір азамат өз арыз-шағымын немесе өтініш-тілектерін айтып келе алады. Алдағы уақытта тағы дәл осындай 12 бекет пен 16 учаскелік пунктті қою жоспарда бар.
Қанат Әлиев, облыстық полиция департаменті бастығының міндетін атқарушы:
- Учаскелік, стационарлық полиция пункттері әр жерде – қоғамдық жерде, көшелерде – болуы керек. Азаматтарға жақын болуы қажет. Бір ерекшелігі, бұлар мобилді болады. Себебі әр жердегі криминалдық жағдай өзгерісіне байланысты басқа жерге көшіруге мүмкіндігіміз бар.
Бұл жұмыстар қарапайым халыққа жақын болуды көздейтін міндеттер аясында іске асырылады. Қазірдің өзінде тұрғындар үшін құқықбұзушылық деректерін хабарлауға арналған арнайы мобилді қосымша мен мыңнан аса сөйлесу чаты құрылған. Ал қылмыстың алдын алу мен оған шұғыл әрекет ету үшін полиция департаментіндегі жедел басқару орталығына мыңдаған бейнекамера қосылған. Бүгінде оның санын көбейту көзделіп отыр.
Руслан Хамбаров, облыс әкімінің бірінші орынбасары:
- «Сергек» компаниясымен бірлесіп, құны 10 млрд теңге болатын үлкен жобаны іске асырмақпыз. Ол жұмыс мемлекеттік-жекеменшік серіктестігі аясында атқарылады. Сол кезде соңғы үлгідегі үш мыңға жуық камераны орнатып, іске қосу көзделіп отыр. Ол құрылғылар жылдамдықты асыру, жолақтарды кесіп өту және т.б., ереже бұзу деректерін анықтай алады.
Полицияның сервистік моделін енгізу үрдісі қалада жаз айларында басталды. Оны іске асыру басты міндеттердің қатарында.
Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болатбек Молдағалиев