Астанада балаларға шабуыл жасаған ер адам ұсталды
Елордада тұрғын үй кешендерінің бірінде балаларға қол жұмсаған ер адам қамауға алынды. 30 жастағы азамат үйдің дәлізінде жас баланы беттен ұрып, екіншісін тепкен. Тағы бір баланы қылқындырған. Ер адамның әрекеті бақылау камерасына жазылған.
Астана қалалық полиция департаментінің мәлімдеуінше, қазір бұл факті бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Еске салсақ, Мәжілісте өткен айда әйелдер мен балалардың қауіпсіздігіне қатысты 2 заң жобасы қаралды. Ол жасөспірімдерге қарсы жасалған қылмыстар үшін жауапкершілікті күшейтуді көздейді. Бұдан бөлек Ішкі істер министрлігі мемлекеттік органдармен бірлесіп, балаларға қатысты зорлық-зомбылық пен буллингтің алдын алу әдістемесін жасады. Оның аясында әр оқу орнына жауапты ювеналды полиция, учаскелік инспектор мен жедел уәкіл бекітілді. Осылайша балалардың қауіпсіздігін қамту шаралары күшейтіліп отыр.
Әсет Оспанов, ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің басқарма бастығы:
- Биыл министрлік практикалық және заңнамалық шараларды қабылдады. Полиция департаменттерінің қызметіне күн сайын мониторинг жүргізіледі. Соңғы 10 жыл ішінде кәмелет жасқа толмағандарға қатысты құқықбұзушылық деректері 3 есе азайып отыр. Қазір балалар арасындағы криминогендік жағдай тұрақты.