Мал азығы мәселесі шешімін қалай тауып жатыр?
21 кәсіпкер жем-шөпті аудандарға жеткізіп, жинау үстінде. Әзірге сатылмайды. «Тек қыста беріледі», - дейді жауаптылар.
Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 2,1 млрд теңге қайтарымды қаражат бөлінген. Айта кетейік, биыл қуаңшылық салдарынан Маңғыстауда шөп шықпай, жазда мал азығының бағасы шарықтап кеткен еді. Халық жаппай төрт-түлігін сатуға мәжбүр болды.
Кейбір жергілікті шаруалар әлі күнге дейін әкімдіктен төтенше жағдай жариялауды сұрайды.
Ардақ Борашев ата кәсіпті жалғастырып келеді. Төрт-түліктің басын 300-ге көбейтіп, аудан тұрғындарын ет, сүтпен қамтамасыз етеді. Биылғы қуаңшылық айналып өтпегенін айтады. Жылқылары әлсіреп, күйі кеткен. Сондықтан наурызда төлдеген 100-ге жуық құлынын сатып жіберіпті. Қалған өрістегі тайларын қораға алып келген.
Ардақ Борашев, шаруа:
- Қазір барымызша шығынға батып ұстап отырмыз. Бұрын өрістегі малды жемдеуді білмейтін едік. Далада шөбі жеткілікті еді. Кеше есептеп көріп едім, Бейнеу ең арзан жер ғой, соның өзінде біреуіне 1 мың теңге шығады, 70 жылқыға 70 мың шығады. Кемінде 180 күн қорада ұстауымыз керек, қыстан аман алып қалу үшін әрқайсына 180 мың қаржы керек.
Иә, қақаған қыс ызғары алыс емес. Өңірдегі шаруалардың жартысы шығынданбау үшін малын сатып үлгерсе, қалғаны жем-шөп жинап әлек. Баян Жаңабаева да қорадағы он шақты малы үшін жем алуға келіпті.
Баян Жаңабаева, Бейнеу ауданының тұрғыны:
- Қолда ұстағасын 20 қаптай керек. Қыста көбірек береміз ғой. Биыл Маңғыстауда қуаңшылық. Осы жерден 60 қаптай жем алдым,. Жазда 2200 теңгеден алып едім, қазір 1900 теңгеден алдым. Рақмет.
«Арзан баға осы Бейнеуде», - дейді атқамінерлер. Облыс орталығынан алыс болғанымен, көрші өңірлерге жақын. Сәйкесінше, жол шығыны арзан.
Әйгерім Ашықбаева, тілші:
- Қыстың қамын жазда ойла демекші, бұл жерге мың тоннадай шөп жиналған. Жауаптылардың айтуынша, бұл мал азығы желтоқсан айында сатылып бастайды. Дәл осы уақытта өзге өңірден келетін шөп бағасы қар түскеннен кейін қымбаттайды. Ал бұл мал азығы жаздағы бағамен сатылады.
Жалғас Теміров, аудан әкімінің орынбасары:
- Шөп әкелуге ауданға төрт оператор белгіленіп, 180 миллион теңге, жем әкелуге екі оператор белгіленіп, 179 миллион теңге несие берілді. Қазір 65 мың тюк шөп жинақталды. Келісі 74 теңгеден аспайды. Жемге келетін болсақ, 350 тонна жем тасымалданып, қазір сатылымда. Басқа кәсіпкерлердің сауда нүктелеріндегі жем бағасынан 15 теңгеге арзан.
Алдағы уақытта 160 тонна шөп әкеледі деп күтілуде. Сондай-ақ 3 мың отбасыға тегін шөп таратылып, 160-тан астам қожалық пен 2300-ге жуық шаруаға біржолғы қаражат беріліпті.
Авторлары: Әйгерім Ашықбаева, Саламат Бекбаев