Өскемен хлорлы судан бас тартпақ
Жауапты мамандар хлорлау әдісінен бас тартып, өткен ғасырдың 60-жылдары пайдалануға берілген үш су жинағыш нысанды кезең-кезеңімен қолданыстан шығармақ.
Олар әлі күнге дейін 100 мыңнан астам тұрғынды тіршілік нәрімен қамтып келеді.
Тәуелсіздік жылдары Өскеменде жеті су жинау нысанының қызметі автоматтандырылды. Ауызсуды электролизді тазалау жүйесі жолға қойылды. Енді тіршілік нәрі хлормен емес, ас тұзымен сүзгіленеді. Бұдан ағзаға еш зияны жоқ.
Жаңа технология әзірге үш су жинайтын нысанда қолданыста жоқ. Бұл станцияларда әлі хлораторлық қондырғылар істеп тұр. «Олардың қолданыс мерзімі әлдеқашан өткен», - дейді мамандар.
Оралхан Нұрғазин, су станциясының қызметкері:
- 2010 жылдан бері инвестбағдарламамен жаңа қондырғылар істеп жатыр. Мамыр айында тағы бір су жинағышты іске қостық. Бұрынғыдай есіктің ысырмасын қолмен ашып-жаппаймыз. Бұрын он кісі істейтін болса, қазір тәулігіне бір машинист атқарып отыр.
Ескі су ұңғымаларына шаһардың өнеркәсіптік аймағынан шығатын жерасты сулары құйылады. Сол себепті бітеп тастауға шешім қабылданды. Өскеменде тіршілік нәрі артезиан ұңғымаларынан, көршілес Павлодарда Ертіс өзенінен алынады. Бұл ретте құдықтарды жағалауға жақын топырағы таза жерлерге көшіруге кеңес берілген. Тіптен Франциядан мамандар келіп зерттеу жүргізіпті.
Наталья Лукерина, өндірістік-техникалық бөлім басшысы:
- Ертіс бойында жаңадан жеті ұңғыма қазылды. Осылайша, артезиан ұңғымаларынан алынатын судың сапасын көтеруге мүмкіндік туды. Зерттеулер жүргізілді. Жаңа хаттама мақұлданды. Бізге белгілі бір мерзім ішінде су жинау нысандары маңындағы ұңғымаларды көшіруге міндеттеме берілді.
Қала халқы мөлдір су ішіп отыр деуге әлі ерте. Ауызсу құбырларының 60% тозған. Олар таяу жылдары ауыстырылады. Ал 2020 жылға дейін елді мекен аумағын орталықтандырылған желіге қосу жоспарда. Қазір осы бағытта 238 инвестжоба жүзеге асып жатыр.
Авторлары: Талғат Исламұлы, Дмитрий Пыхтин