ECO MEKEN реалити-шоуының ақтық сайысына санаулы күндер қалды
Қазақстандық оператор РОП компаниясы еліміздегі тұңғыш экологиялық реалити-шоуды қорытындылайтын болады. ECO MEKEN жобасы «Хабар» Агенттігімен бірлесе жасалған. Соңғы көрсетілім 12 желтоқсанда болады. Шоудың 3 жеңімпазы анықталады. Ақтық сайыс кезінде қоршаған ортаны қорғау саласындағы алғашқы премияны табыстайды.
«Хабар» телеарнасында 4 ай бұрын еліміздегі тұңғыш экологиялық ECO MEKEN реалити шоуы көрсетіле бастады. Жобаға қатысушылар көрерменге табиғатты аялап қорғаудың жолдарын ұсынып қана қоймай, қалдықтардан қаражат табуды да үйретті. Шоуға қатысушылар кастинг арқылы іріктелді. Мың жарым өтініштен тележобаға тек 18 адам таңдалды. Оларға жеке өздерінің экологиялық бизнес жобаларын жүзеге асыруға ақшалай премия беріледі. Бірінші орынға – 10 млн, екінші жүлде – 5 млн, үшінші орынға – 3 млн теңге табысталады.
Хайрулла Қайратқали, «Оператор РОП» ЖШС Стратегиялық мәселелер бойынша басқарушы директоры:
- Бұл жерде негізгі мақсатымыз осы Қазақстан халқының экологиялық проблемаға назарын аударту, екіншіден біздің тастап жатқан қалдықтарымызды ақшаға айналдыру екенін, табыс табу көзі бар екенін мүмкіндігін көрсету, соның арасында экологиялық жобаларды іске асырамыз.
ECO MEKEN реалити шоуының ақтық сайысы аясында тұңғыш ұлттық экологиялық премияны табыстайды. Барлығы 75 үміткер бар. Комиссия олардың ішінен 12 номинантты таңдап алды.
Денис Сало, ECO MEKEN тележобасының креативті продюсері:
- Біз қойылымдық нөмірлер дайындадық. Балетке қатысушылар да өнер көрсетеді. Led экрандарға графикалар арқылы ақпарат шығарылады. Бейнелерге 3D технология қолданылатын болады. Яғни көрермендер шоуға өздері қатысып отырғандай әсер алады. Көптің есінде қалатындай көрсетілім болады деп ойлаймын.
Айта кетейік, ECO MEKEN жобасының ақтық сайысын және премияны табыстау сәтін «Хабар» телеарнасынан 12 желтоқсан күні 19:00-де тамашалауға болады.
Авторлары: Индира Жылқайдарова, Азамат Саметов