Газ саласы өндірістегі қауіпсіздікке цифрлық технологияларды енгізбек
Мақсат – қызметкерлер қауіпсіздігін арттыру мен қоршаған ортаны қорғау мәселесін өзара пысықтап алу. Себебі ел аумағын толық табиғи газбен қамту үлесі артқанда ішкі саясатты реттеп, қызметкерлердің білім деңгейін көтеруге басымдық беру маңызды. Келелі жиынында өндірістегі қауіпсіздікке цифрлық технологияларды енгізу туралы шешім қабылданды.
Газ саласының әр қырында еңбек еткен мамандар оқу-курстық комбинатында шеберлігін одан әрі арттырып, біліктілігін шыңдай алады. Теория мен практиканы ұштастырып, шын шебер болуға дағдыланады. Бұл замана ағымына ілесіп, білім көкжиегін кеңейтуге мүмкіндік береді. Сондықтан сала майталмандары мұндай басымдықты тиімді пайдалану керек деп есептейді.
Бақтияр Ізбасаров, «Интергаз Орталық Азия» АҚ бас директорының бірінші орынбасары:
- Біздің оқу орталығымыз 2010 жылдан бері жұмыс істейді. Онда қызметкерлеріміздің шыңдалуына барлық жағдай жасалған. Құрал-жабдықтар мен газ тұтыну қондырғылары, оны айдау жабдықтарын көріп кең көлемде таныса алады. Яғни барлық маман иесінің біліктілік деңгейін көтеруге бағытталған.
Жиында компанияның барлық өндірістік саласындағы бас инженерлері тесттік сұрақтарға жауап беріп, сыналды. Сондай-ақ өндірістің әрбір қадамын қауіпсіз ету жолы талқыланады. Газ саласында 40 жыл еңбек өтілі бар Жұмабек Иманбеков те өз тәжірибесімен бөлісуге арнайы келді. Қазір ардагерлер кеңесін басқарады.
Жұмабек Иманбеков, республикалық газ саласы ардагерлері кеңесінің Алматы қаласы бойынша директоры:
- Күндіз-түні жұмыс істеп, түрлі апаттық жағдайды жоюға тура келді. Газ саласында бұл таңсық жағдай емес. Сондықтан біздің компанияға сәттілік тілеймін. Қандай жағдайда да қауіпсіздік басты назарда болуы тиіс. Тек тұтынушылардың ғана емес, жұмысшылардың да өмірін қауіпсіз ету маңызды.
Газ саласының мамандары осылайша қауіпсіздікті басты орынға қойып, өндірістің табысты бөлігіне балады. Кестеден тыс келетін қатерден сақтану жолы мен білімді жетілдіру бағытын игеру үшін жаңа мобильдік қосымшаны іске қосты. Енді әр жұмысшы кез келген уақытта оқудың тиімді мүмкіндігіне ие.
Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов