Елімізде несие алаяқтарының қатары сиремей тұр
Соңғы он жыл ішінде «алаяқтық» бабы бойынша тіркелген қылмыс саны 2,5 есеге көбейген. Мәселен, 2011 жылы 16 мың 500 іс қозғалса, қазір ол 39 мыңға жетіп жығылды. Былтыр алаяқтар келтірген шығын 242 млрд теңге болған.
Несие алмай, қарыз болғандардың бірі – Әйгерім Жақсылыққызы. 3 жыл бұрын оған туысқаны қоңырау шалып, несиесі бойынша кепілгер болуын өтінген. Сөйтіп, құжатқа қол қоюын сұрап, одан кейін мазаламапты.
Әйгерім (есімі өзгертілді), зардап шегуші:
- Қарыз туралы ұлыма ипотека алу үшін кепілгер болатын кезде білдім. Сондықтан банк рұқсат бермеді. Бұған дейін несие алмағанмын. Сіңіліме хабарлассам, олар несиені уақытылы өтемегендіктен, қарыз маған жүктеледі екен. Жылап, жағдайының ауыр, күйеуі жұмыссыз екенін айта бастады. Не істей аламын? Өз сіңілім ғой. Енді банк жалақымның 50% ұстап отыр.
Әйгерім сынды сан соғып қалғандар жетерлік. Жыл басынан елімізде «алаяқтық» бабы бойынша 35 мыңға жуық қылмыстық құқық бұзушылық тіркелді. Бұл былтырғыға қарағанда 29%-ке көп. Көбі Алматы қаласында. Жыл басынан 7200 адам алаяқтардың құрбаны болған. Кейін елорда – 5200 . Үштікті Шымкент қорытындылайды. Шаһарда 3200 дерек анықталған.
Кейінгіде «жеңіл ақшаны» ұнататындарды қақпанға түсіру тіптен жеңілдеді. Алаяқтар: «несие алып берсең, сыйақы берем, ал берешекті өзім жабам» деп талайды мұзға отырғызды. 50-100 мың теңгеге алданған жан алаяқтың ізін суытқанын аңдамай да қалады.
Төлеген Болтанов, заңгер:
- Туысыңызға, досыңызға, көршіңізге, кімге болса да несие алып берсеңіз – бұл сіздің жауапкершілігіңіз. Қарызды қайтаратыны жайлы қолхат жаздырмасаңыз, алаяқтықты дәлелдеуіңіз екіталай. Сондықтан қаржы ұйымы алдында міндеттеме оған емес, сізге жүктеледі.
Бұл қаржылық шығындардан бөлек, кредиттік тарихыңызға залал келтіріп, болашақта несие алуыңызға бөгет болатынын ұмытпаған жөн.
Авторлары: Дана Әлиева, Таир Мерекенов