Алматыда тағы бір арбат пайда болды
Күрделі жөндеуден өткен бұл орынның қазіргі келбеті мүлдем басқа. Жаяу жүргіншілер аумағы кеңейтіліп, ағаш отырғызылып, тұрғындарға жайлы орта жасалған. Көп жылдан бері көгалдандырылмаған көшені «Диал-Строй» компаниясы қолға алып, тұрғындарға тарту етті.
Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Диал-Строй» компаниясы алматылықтарға тарту жасады. Сырбай Мәуленов көшесінің Құрманғазы мен Шевченко көшелерінің арасындағы бөлігі жаңа келбетке еніп, түрлене түскен. 4 айда 1,5 мың шаршы метр асфальт төселіп, 2 мың шаршы метр жаяу жүргіншілер жолы кірпішпен әсемделген. Әдемі орындықтар қойылып, жарықшамдардың саны көбейтілді. 55 көше шамы, 20 орындықпен жаңарған бұл жерді тұрғындар «Арбат» деп атап кетіпті.
Алма Айтбаева, қала тұрғыны:
- Біз бұл көшені «Француз гүлзары» деп атаймыз. Себебі кешкі уақытта келсеңіз, көше шамдарының өзі әдемі. Жасыл желек көп отырғызылды. Бұл дегеніміз қаланың дамып, жасылданып келе жатқанын көрсетеді. Аумақты әсемдеп, көңілімізді көтергендерге алғысымыз шексіз.
Бұл жерді жаңартуға жалпы сомасы 200 миллион теңге жаратылған. Қомақты қаражаттың бір бөлігі жаңадан егілген 3 мыңнан аса жасыл желекті суаратын автоматты суару жүйесіне жұмсалған. Сондай-ақ 8 көпқабатты үйдің қасбеті жөнделген. Бұл «Диал-Строй» компаниясының алғашқы игі бастамасы емес. Осыған дейін компания өз қаржысына Түрксіб ауданындағы №203 мектепке стадион салып беріпті.
Ғабит Маматрайымов, «Диал-Строй» компаниясының бас директоры:
- Бүгінгі таңға дейін кейбір мектептерде футбол алыңдарын соғып бердік. Одан бөлек, Алматы қаласына 200 орындық балабақша, күндізгі балалар келіп кететін орындар тарту еттік.
Тұрғындардың айтуынша, Мәуленов көшесінде күрделі жөндеу мен көгалдандыру жұмыстары жүргізілмегеніне 40 жылдан асқан. Бірнеше айда ескі көшеге жаңа келбет беріп, жаңа арбат жасаған «Диал-Строй» компаниясы мұндай қайырымды шаралардың алдағы уақытта жалғасатынын айтты.
Авторлары: Аршын Кемелжан, Сержан Жұмабаев