Елде 58 мектеп интернетке қосылмаған
Бұл туралы Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова мәселе көтеріп, ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағанбетовке сауал жолдады. Депутаттың айтуынша, елде білім беруге арналған бес платформа белгіленген. Олар төтенше жағдай кезінде 3 миллионнан астам оқушыға сапалы білім беруі керек. Алайда көп мектепте интернет жоқ. Интернет сапасына байланысты министрліктің нормативтік құжаттарында әр түрлі параметрлер көрсетілген. Бұл ауыл мен қала мектептерінде цифрлық теңсіздікке әкеледі. Сондықтан депутат министрлікке бірнеше ұсыныс жасады.
Жұлдыз Сүлейменова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- 1) Бірыңғай онлайн-платформасында сапалы білім беру контентін интеграциялауды және әдіснамалық сүйемелдеу жұмыстары жалғастырылсын;
2) Ауыл мектептері мен шағын жинақты мектептер үшін интернет сапасына қойылатын талаптар қайта қарастырылсын;
3) ҚР Цифрлық даму министрлігі және байланыс операторларымен бірлесіп, жаңа бағдарламалық өнімдердің талаптарын ескере отырып, байланыс арналары мен қолда бар жабдықтардың мүмкіндіктерін бағалау қайта қарастырылсын;
4) Педагогтер мен оқушылардың білім беру ортасында цифрлық теңсіздікті төмендетуге байланысты ведомствоаралық кешенді ісжоспар әзірленсін.