Қытаймен шекарадағы кеден бекеттерінің жұмысы жіті бақылауға алынады
«Нұр Жолы» өткізу пункті мен «Құрғақ порт», «Алтынкөл» станциясының жұмысымен танысқан еліміздің Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев осылай деді. Бас қаржыгер БАҚ өкілдерінсіз кәсіпкерлермен кездесіп, олардың көкейкесті мәселелерін тыңдады. Бірқатар лауазым иелерін жұмыстан шығарды.
Кеден бекеті арқылы ісін ілгерлертіп отырған Салтанат Нұрәлиқызы бір жарым жылдан бері тұрақты жұмыс істей алмапты. «Өйткені осыған дейін тауар тасымалдауда бір ғана жеке компанияға басымдық беріліп келді», – дейді ол. Кәсіпкер өздеріне қатысты өзекті мәселені көтерді.
Салтанат Нұралиқызы, кәсіпкер:
- 4 құрылым біздің жұмысымызға кедергі келтіріп отыр. Біріншісі –Евротранзит. Екіншісі – GoCargo, бастамашыл топ пен жедел штаб. Сондықтан Евротранзитті алып тастап, GoCargo-ның жұмысын әскерилерге жүктеу керек. Бастамашыл топ пен штабты тарату қажет. Кеден бекетінде кеден қызметкерлері мен әскерилер ғана болсын. Жұмысты одан басқа ешкім бақыламауы тиіс. Өйткені бұл – мемлекеттік кеден бекеті. Осыларды алып тастаса, халық бұрыңғыдай кіріп-шығатын болады. Бізге ортадағы делдал керек емес.
Енді кеден бекеттері арқылы тауар тасымалдаушылардың барлығына бірдей мүмкіндік жасалмақ. Кәсіпкерлерге жеке компаниямен қатар мемлекеттік оператор да қызмет көрсетеді.
Ерұлан Жамаубаев, ҚР Қаржы министрі:
- «KTZ Express» АҚ-пен ары қарай етене жұмыс істейтін боламыз. Себебі олар мемлекеттік оператор болады. Мемлекетке көбірек ақша түсуге және кәсіпкерлердің проблемаларын шешуге және экспорттық-импорттық операцияларды тез жүргізуге септігін тигізеді. Себебі олардың тиісті инфроқұрылымдары бар. Біз сол жұмыстарды үйлестіре алсақ, тауар айналымын жоғарылатып, тауар айналымынан түсетін кедендік БАЖ салықтарынан түсетін түсімді көбейте аламыз.
Қаржы министрі құрғақ порттың мүмкіндіктерін көріп, жоба жоспарларымен танысты. Сонымен қатар облыстық Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысын және «Достық», «Алтынкөл» станцияларының жетекшілерін қызметтінен босатты. Айта кетейік, Президент тапсырмасынан кейін шекаралық бекеттерде кешенді тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов