Маңғыстаулықтар келісі 50 теңгелік жемге кезекке тұруда
Қазір қапшығы 1000 теңгелік мал азығын маңғыстаулық шаруалар таңсәріден кезекке тұрып алып жатыр.
Ескеретін жайт, бұл – бір реттік көмек. Малшылар болса, төрт түлік төлдейтін уақытта мұндай бағаны тым болмаса жазға дейін өзгертпеуді сұрап отыр.
Талғат Исламұлы, тілші:
- Келісі 50 теңгелік жемнің сатылымда барын естіген халық кезек сайлап әлек. Бұл жерде шамамен мың жарым мыңдай қапшық бар. Таңертеңнен бері тең жартысы сатылып кетті.
Фермер Жалғасбек Сарман 100-ден астам түйе мен 20 шақты жылқы ұстап отыр. Былтырғы қуаңшылықтан көтерем шыққан ірі қараның алды төлдеуге жақын. Малдың күйін жақсарту үшін жер-жерден арзан жем-шөп іздеуге мәжбүр. Бүгін хабар естіген бойда келіп, қорадағы түлікке шамамен 2 айға жететін азық сатып алды.
Жалғасбек Сарман, шаруа қожалығының жетекшісі:
- Осылай арзан бағада беріп жатқанына қуанып жатырмыз. Баға тұрақтап қалса екен деген тілегіміз бар. Басқа жерде кебектің килограмы 100 теңгеден. Қазір Үкіметтің жеңілдетілген несімен 50 теңгеге түсіп жатыр.
Өткен жылы далада су көздері құрғап, жерде талғажау етер шөп болмайтынын ертең аңғарған малшылар малын көршілес Орал, Ақтөбеге айдап әкетті. Ойыл ауданындағы жайылымды уақытша пайдаланған шаруаның бірі – Мәлік Ізтұр. «Қазір қолда бары түйе ғана. Шөлге төзімді дейтін жануардың өзі көктем алды әлсіреп, тұра алмай жатыр» - дейді.
Мәлік Ізтұр, шаруа қожалығының жетекшісі:
- Тек өзінің қорегін емес, ішіндегі ботаның, құлынының соның да қорегін толық тауып беруі керек. Сондықтан ең қиын малдың үзілетін уақыты келе жатыр. 4 вогонмен емес. Соны көбірек 40 вагон, 400 вагон қылып әкеліп, осындай тез арада тез жеткізіп, халыққа осы ең қиын уақытта көктемге шығарғанша жемнің бағасын түсіріп, малдың басын ұстап қалуға жұмыстану керек қой.
Ақшұқыр ауылында 300-дің үстінде жеке шаруашылық пен 27 шаруа қожалығы тіркелген. Жергілікті әкімдік өкілдері сатылымда арзан жем барын малшыларға жеке-жеке хабарлап жатқанын айтады. Айтуларынша, қолдау шаралары тек мұнымен шектелмейді.
Еркебұлан Жәнібек, Ақшұқыр ауылының әкімі:
- Шаруалардың тізімі бар. Олардың ИСЖ-да тіркеліп тұрған малдарының тізімі бар. Соған сәйкес бір-бірден айналып шығамыз. Барлығы алғаннан кейін екінші айналымды тағы да бастаймыз. Қазір нағыз жем беретін уақыт. Енді мүмкіндікті пайдаланып, барынша өздеріне қор жасап алулары керек.
Түпқараған ауданына жем-шөп жеткізумен жеті оператор айналысады. Қазір қорда 560 тоннадай шөп бар. Ал жем келген бойда өтіп кетеді. Бір айта кетерлігі, Маңғыстауда «Жасыл дәліз» арқылы мал басын тіркеу қайта басталды. Төрт түлік санын жасырып жүрген шаруаларға мамырға дейін тағы мүмкіндік берілді.
Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев