Хабар телеарнасы

Маңғыстау облысында шомылу маусымы басталғалы 3 адам суға кетті

Маңғыстау облысында шомылу маусымы басталғалы бері 3 адам суға кетті. Олардің бірі - сәби. Төтенше жағдайлар қызметкерлері өмірге қауіпті аймақ деп он жерді белгілеп берсе де, онда демалуға барушылардың қарасы қалың. Қазір мамандар осы аумақтарда бақылау шараларын күшейтті.

Талғат Исламұлы, тілші:

- 9 маусым күні Шора су каналына 21 жастағы ер адам батып кетті. Төтенше жағдайлар қызметкерлерінің айтуынша, Мұнайлы ауданы Қызылтөбе елді мекенінің 14 тұрғыны судың жағасына демалуға келген. Құтқарушылар олардың жанына төрт рет барып, ескерту жасаған. Бесінші мәрте шақыртумен жетіп, ер адамның денесін судан алып шықты.

Ал екі жастағы сәбидің өлімі 6 маусым күні Қарақия ауданы Құрық ауылынан бес шақырым жерде болды. 2022 жылы туған бүлдіршіннің теңізге батқаны туралы дерек кешкілік сағат 20:30 келіп түскен. Оқиға орнына жедел барған құтқарушылар баланың денесін судан алып шықты. Баласынан көз жазып қалған ата-ана рұқсат етілмеген жерде шомылған.

Бұл Ақтаудағы төртінші шағынаудан жағажайы. Дала сахнасы тұрған жердің оң және сол жағалауында ескерту тақта тұр. Адам көп келетін болған соң құтқарушылар шомылу маусымы аяқталғанша осында кезекшілік атқарады. Түбі жартасты жерге сүңгудің өмірге қауіпті екенін айтып, толқынды күндері теңізге шомылуға болмайтынын ескертеді.

Райымбек Ерсайынұлы, облыстық төтенше жағдайлар департаментінің аға офицері:

- Бірақ соған қарамастан осындай қаза болу фактілері болып жатыр. Атап өтсек, бізде Маңғыстау облысында 10 суға түсуге тыйым салынған жер бар. Ақтау қаласының ішінде бұл үш жер. Біріншісі төртінші шағынаудандағы Таразик және Шора каналы. Және Маэк су жіберу каналы.

Шомылуға тыйым салынған тағы 7 жағажай Қарақия, Мұнайлы және Түпқараған ауданында белгіленген. Соңғысында теңізге балық аулауға кеткен ер адам қайтып оралмапты.

Сондықтан құтқарушылар бақылау шараларын күшейтті. Ескертуді елемеген бір адамға әкімшілік айыппұл салынған.      

Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев