Хабар телеарнасы

Маңғыстау облысының Кендірлі ауылында әуежай салынады

Маңғыстау облысының Кендірлі ауылында әуежай салынады. Нысан құрылысы 2027 жылы басталады. Мұны бүгін Астанадағы брифингте аймақ басшысы Нұрдәулет Қилыбай айтты. Одан бөлек аталған ауылда курортты қалашық та бой көтереді. Әкімнің айтуынша, мұның барлығы туризмді дамыту үшін жасалып отыр. Өңірде тағы қандай жаңалық бар?

Маңғыстау облысы – ең көп инвестиция құйылатын аймақтардың бірі. Мұнайлы өңірде алпауыт компаниялар көп. Соңғы бес жылда облысқа 4 трлн теңгеге жуық қаржы тартылыпты. Енді облыс басшылығының алдында өлкені логистика хабына айналдыру міндеті тұр. Себебі, Маңғыстау – Транскаспий халықаралық көлік дәлізінде орналасқан. Облыста құрлық, теңіз және әуе көлігі саласы қатар дамыған.

Нұрдәулет Қилыбай, Маңғыстау облысының әкімі:

-Маңғыстау облысының транзиттік әлеуеті зор. Жыл басынан бері Ақтау, Құрық порттары және Солтүстік терминал арқылы 6,8 млн тонна жүк тасымалданып, өсім 3,5% құрады. Бүгінде жеке инвестор қаржысына Құрық портында «Саржа» көпфункционалды теңіз терминалының құрылысы жүргізілуде. Қазіргі таңда терминал ішінара іске қосылуда.

Ақтауда енді ірі әуе хабы да бой көтереді. ТМД елдерінде теңдесі жоқ жобаның жалпы құны – 1 млрд доллар. Алып нысан іске қосылса, Маңғыстау облысы Орталық Азиядағы әуе жүк тасымалының орталығына айналады деген болжам бар. Аймақ туризмді де мықтап қолға алмақ. Биылғы жарты жылдың өзінде өңірге 367 мың турист келген. Бұл күніне 2 мыңнан астам адам Маңғыстауға саяхаттайды деген сөз. Көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 20% жоғары. Облыс әкімі: «Ақтауды келешекте дүркіреген Дубайға айналдырам»,–дейді.

Нұрдәулет Қилыбай, Маңғыстау облысының әкімі:

-Ақтауды Баку мен Дубай қалаларының үлгісі бойынша дамыту үшін бас жоспарға өзгеріс енгізілді. Жоспарға сай қалада 10 мың орындық жаңа стадион, теңіз вокзалы, «Әуенді домбыра» сәулет құрылысы мен жаңа жағажай сынды нысандар бой көтереді деп күтілуде. Ақтаудағы «Жылы жағажай» аумағында 2027 жылға дейін инвестициялық құны 100 млрд теңге болатын 11 жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз.

Одан бөлек Жаңаөзен қаласынан 65 шақырым жерде орналасқан Каспий теңізінің жағалауындағы Кендірлі ауылынан курорттық қалашық салынады. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 40 мың адамға арналған жаңа шаһардың бас жоспары әзірленген. Бүгінде Кендірліде 20 шақты демалыс орны жұмыс істеп тұр. Келешекте олардың қатарын 4 және 5 жұлдызды қонақүйлермен, шипажайлар және балалар сауықтыру орталықтарымен толықтыру жоспарланған. Бірнеше айлақ салынып, аквапарктер ашылады. Сонымен қатар халықаралық деңгейдегі спорт стадионы, мәдени кешендер, тұрғын үйлер салынады. Курорттық қалашық 4 мың гектар аумақта орналаспақ.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Қали Несіпбаев