Шымкентте автобус жүргізушілері газ үшін сағаттап кезек күтуде
Алайда қала бойынша небәрі екі-ақ газ құю станциясы бар, сондықтан олардың қауқары жете бермейді. Сондай-ақ шаһарда қоғамдық көлік жүргізушілері де жетіспейді.
Күн ұзаққа созылған тынымсыз тіршіліктен соң автобус жүргізушілері жанармай бекетінде кезекке тұрып кептеледі. Барлығы жанармай бактарын толтырып, үйге қайтуға асық. Бірақ әр автобусты толтыруға 20 минут кететіндіктен тәулік бойы ұзын-сонар кезек көшені жабады.
Бағдат Салықбай, автобус жүргізушісі:
- Бір автобусқа 20 минут уақыт кетеді. Сондықтан кейбір жүргізушілердің кезегі таңға таяу келетіндіктен таңертең толтырып жатады.
Қоғамдық көлік жүргізушілері жолаушыларды уақытылы тасымалдаудан басқа мәселеге бас ауыртпауы керек. Бұл – сала мамандарының пікірі.
Елікбай Тоқбергенов, қалалық «Атамекен» ҰКП жанындағы өңірлік кеңестің көлік және логистика комитетінің төрағасы:
- Түнде жүргізушілер демалудың орнына жанармай құйып тұрады. Олар жұмыстан кейін уақытын кезек күтіп текке өткізбеулері керек. Ертерек отбасына оралып, жақсы демалуы тиіс. Себебі ертесіне қайтадан таңнан бастап қызу жұмысқа кіріседі. Жүргізушінің саулығы – жолаушылардың амандығы. Бәрі осыған байланысты!
Шымкентте мыңға тарта қоғамдық көлік қызмет көрсетеді. Оның 600-ге жуығы қаланың ауа қабатын ластамауы үшін газбен жүретін тиімді автобусқа ауыстырылған. Бірақ газ құю станцияның жетіспеушілігінен қосымша бекет салу қажеттілігі туындады.
Мұхтар Қоқанбаев, Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары:
- Шымкент қаласында екі газ құю бекеті бар. Екі газ құю бекеті біздің қоғамдық көліктердің 80% қамтып отыр. Тағы бір газ құю бекетінің құрылысы бүгінгі күннің қажеттілігін толық қамтамасыз етеді деп айта аламын.
Иә, әкімдіктегілер мәселені түбегейлі шешу үшін инвестор тартып, тағы үш жерден газ құю стансасын ашуды көздеп отыр. Оның біреуі алғашқы жарты жылдықта пайдалануға беріледі.
Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов