Ақтауда бір топ әйел әкімдік алдындағы жолды жабуға әрекеттенген
Полицейлердің жедел іс-қимылының нәтижесінде көлік қозғалысы бірер минуттарда қайта жанданды. Заңсыз ереуілге шыққан 30 адаммен түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Айта кету керек, олардың ешқайсы қамауға алынған жоқ.
Жолды бөгегендер – 2019-2021 жылдары Жаңаөзеннен Ақтауға көшірілген отбасылар. Сол кезеңде жаңаөзендік әлеуметтік аз қамтылған 544 жанұяға 19, 20-шы шағын ауданнан сатып алу құқығынсыз жалдамалы пәтерлер берілген еді. Олар сол баспаналарды жекешелендіріп беруді сұрап, облыс әкімдігіне барған. Алайда бұл өтініштің қолданыстағы заңнамаға қайшы екенін естіп, наразылық білдіріп отыр.
Анар Жалғасбаева, көпбалалы ана:
- Ол уақытта бізге жалдамалы үй деп айтқан ешкім жоқ. Тіпті заңгердің өзі бізге ешнәрсе таныстырған жоқ. Бұл үйлерде тұрып жатқан тұрғындардың барлығы – мүгедектер, жалғызбасты аналар. Осы халықты шулатпай, көз жасына қалмай үйді бізге жекешендіріп берсін.
Ал жауаптылардың өз айтары бар. Бұған дейін арнайы жұмыс тобы құрылып, наразы топтың қатысуымен екі рет жиналыс өтіпті. Жалдамалы пәтерлердің жекешелендіруге жатпайтыны тұрғындарға бірнеше мәрте түсіндірілген екен.
Нұрлан Орынбасаров, Өңірлік энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:
- Заң бойынша сатып алу құқығынсыз берілген жалдамалы тұрғын үйлер жекешелендіруге жатпайды. Кезінде олар келісімшартқа қол қойып алды. Сатып алу құқығынсыз екенін білді. Бұл жерде коммуналдық төлемдерін төлейді. Сонымен қатар жалға алу құнын төлейді. Пәтерлер құны шаршы метріне сәйкес айына 8-12 мың теңге арасында. Сондай-ақ бұл төлемдерді жүзеге асыруға облыс әкімдігі тарапынан тұрғын үй көмектері де бөлініп отыр. Өткен жылы 69 млн болса, осы жылы облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес 138 млнға көбейтіліп отыр.