Шаруалар жайылымдық жер жоқ деп дабыл қағуда
Шаруашылық иесі шабындық жері болмаған соң, қысқа жеткілікті шөп дайындай алмапты. Сауынды сиырдың бәрі көтерем, сондықтан көкке ілікпей қалуы да мүмкін. Өкініштісі сол, бұл жалғыз жағдай емес. Ауданда жайылымдық жер мәселесі өзекті. Соның кесірінен мал басы азайып кеткен.
Бұл сүт фермасы осыдан 5 жыл бұрын құрылған. Қазір сауынды сиырдың саны 50-ге жеткен. Егер күтімі жақсы болса, әрқайсысы тәулігіне 40 литрге дейін сүт береді екен. Бірақ биыл бәрі көтерем. Шаруа есіл малды қыстан қалай аман алып шығамын деп алаңдаулы. Ала жаздай ауыл сыртынан әрі жайыла алмаған сиырларына қысқа жеткілікті шөп те қамдай алмаған.
Михаил Барановский, фермер:
- Жазда сай-саланы, өзектерді жағалап азын-аулақ шөп шаптым. Бірақ ол өте аз. Малды қыстан аман алып шығуға жетпейді. Амал жоқ, 150-200 шақырым қашықтықтағы алыс ауылдардан қымбат бағаға сатып алуға тура келді. Міне, жақында ғана мына шөптің әрбір орамын 12 мың теңгеден алдым.
Шаруашылыққа тиесілі 930 гектар жайылымдық жер ауылдан жырақта екен. Фермер оған малын айдап бара алмайды. Айналаға түгел егін салып тастаған, теміржол, карьер. Ал таулы, тастақты жерден шөп шабу да мүмкін емес. Шабындық сұрап жергілікті билікке сан мәрте хат жолдағанмен, әзірге қолдау болмай тұр.
Серік Ақыжанов, Осакаров кентінің әкімі:
- Басқа жерлерді біреуден алып қойып, ол кісіге беретіндей құқығымыз жоқ. Біздің ойымызша, ол кісі жеке конкурсқа түсіп, жер алуы керек. Ол кісі жақын маңнан жер іздеп жүр. Ал жақын ауылдың маңайында бос жер жоқ.
Өкінішке қарай, бұл жалғыз Михаил Барановскийдің басындағы жағдай емес. Жайылымдық жер мәселесі ауданда өткір тұр. Қазақстан фермерлер қауымдастығының мүшесі Ерлан Оспанов оның бірнеше себебін атады.
Ерлан Оспанов, Қазақстан фермерлер қауымдастығының мүшесі:
- Кезінде жайылым, шабындық болған жерлерді иемденіп алғандар барлығын жыртып, егін егіп тастаған. Мал өсіріп, шығынға батып, бейнет көргенше, науқандық жұмыстан қыруар ақша тапқысы келеді. Ол аздай кейбір ықпалды адамдар егінін қорып, мал түспес үшін, егістік алқаптың айналасындағы жерді де басып алған. Ол жер бос жатыр. Ал шаруалар жайылым жер таба алмай сабылып жүр.
Қазір амалы таусылған фермерлер тығырықтан шығар жол іздеп, банктерді жағалап жүр. Алайда проценті аз жеңілдетілген несиеге қол жеткізу үшін кепілге жер қою керек екен.
Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Сайран Ақамбаев, Аслан Демесбаев