«АрселорМиттал Теміртау» компаниясы жұмысшыларды автобуспен қамтамасыз етті
Көмір департаментінде көліктерді жаңғырту бойынша ауқымды бағдарлама басталды. Yutong маркалы алғашқы 12 автобус жақын арада бағыттарға шығып, кеншілерге қызмет көрсетеді.
Кеншілер қауіпсіздігі мен оларды тасымалдау қызметін жақсарту үшін зауытта іргелі жұмыстар қолға алынды. Жаңа автобустар жергілікті ауа райына бейімделіп, салон ішінде қыстың қақаған аязында жұмыс орнына тоңбай жету үшін автономды жылыту жүйесі орнатылған. Көлік құрастырушылардың сөзінше, бұл транспорттар «Евро-5» экологиялық стандартына сәйкес келеді.
Айнұр Малаева, өндіруші зауыттың өкілі:
- Бұл үлгідегі автобустарды қалааралық жолаушы тасымалына қолдану тиімді. Себебі шоқалақ жолдың өзінде жолаушы үшін мейлінше жағдай жасалған. 52 орынды көліктің жүріс бөлігі заманға сай жабдықталды. Отандық өнім кеншілер көңілінен шығады деген сенімдеміз.
Су жаңа автобустар көмір департаментінің иелігіне берілді. Оларды желіге шығармас бұрын, қызметкерлер арасынан тәжірибелі жүргізушілер іріктеліп жатыр. Ал қалған жеті автобус жақын арада жеткізілмек.
Өткен жылы «АрселорМиттал Теміртау» Акционерлік Қоғамы кеншілерді жұмыс орнына отандық автобуспен тасымалдауға бекінген. Осылайша, Сарандағы QazTehnа жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен тиісті келісімшартты заңдастырды. Оның жалпы сомасы 700 миллион теңгеден асып жығылады. Бүгінгі таңда алпауыт компанияға бес автобус жеткізілді. Ал қалған көліктер кеншілерге жөнелтілмес бұрын, сынақтардың соңғы кезеңінен өткізілуде.
Авторлары: Дана Алиева