Түркістан облысында 836 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі
Сондай-ақ облыста тұрғын үй қорын толықтыру мақсатында жеке үй салу үшін жер телімін беру қайта қолға алынды.
Зәуре Ыбрайымова жалғызбасты ана ретінде 10 жылдан бері тұрғын үй кезегінде тұр. Шиеттей бала-шағасымен пәтер жалдап тұрады. Жеке баспана сатып алуға жағдайы жоқ. Жалақысы пәтерақысын төлеуге кетсе, балалардың жәрдемақысы күнделікті ас-ауқатынан артылмайды. Қолында кәрі анасы бар. Көптен күткен арманы орындалып, жақында баспаналы болмақ. Кезегі де келіп тұр. Өзіне тиесілі пәтерді күніне бір рет келіп, қарап кететінін айтады.
Зәуре Ыбрайымова, жалғызбасты ана:
- Келген уақытта біз тексеріп, қарап жүрдік. Үйіміз жақсы, сапасы жақсы. Газымыз бар, счетчиктердің бәрі орнында, жылу, суымыз бар. Аман-есен кілтімізді алып, осы үйге кірсек. Жалғызбасты аналар, мүгедектер, көпбалалы аналар осы үйге жеткенімізге қуанышты болып тұрмыз.
Биыл Төлеби ауданына 90 жыл. Соған орай баспана кезегінде тұрған азаматтарға 180 пәтерлі тоғыз үй пайдалануға берілмек. Қоныстойын тойлайтындардың дені – көпбалалы және жағдайы нашар отбасылар, мүгедектер мен жетімдер. Бұдан бөлек баспана кезегінде тұрған бюджеттік сала қызметкерлері де бар.
Төлеген Телғараев, аудан әкімі:
- Қазір үйлердің алтауы дайын. Өздеріңіз көрдіңіздер. Жылу бар, коммуникациялардың бәрін қосып жатырмыз. Кілттерін табыстаймыз. Жергілікті бюджеттен қаржы бөліп жатырмыз. Аулаларды абаттандыру, көгалдандыру, көше жарығы бар, орындықтар, қоқыс тастайтын жәшіктер, ойын алаңшалары мен бейнебақылау камераларын қоямыз.
Бүгінгі таңда Төлеби ауданында төрт жарым мыңнан астам адам үй кезегінде тұр. Мамандар биыл тағы да 504 пәтерлі тоғыз көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы басталатынын айтады. Одан бөлек, төрт үйдің сметалық құжаттары әзірленіп жатыр. Сондай-ақ ауданда жеке тұрғын үй құрылысына жер телімі беріле бастады. Биылдың өзінде мыңнан астам тұрғын он сотық жерге ие болады. Қазір Қазақстан ауылының маңындағы алаңқайға қажет инфрақұрылым тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Мейрамхан Бекболат, ауыл биі:
- Қазіргі таңда ауызсу тартылып, электр бағаналары қойылып жатыр. Жол мәселесі де шешілейін деп тұр. Бұның бәрі біздің тұрғындардың, ауыл жастарының үлкен қуанышына айналуда. Бұл жерде 170 учаске бөлінеді.
Жалпы Түркістан облысында бүгінгі күні 47 мың адам баспана кезегінде тұр. Олардың 33 мыңнан астамы – әлеуметтік жағдайы нашар және көпбалалы отбасылар мен бюджеттік сала қызметкерлері.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш