Ақтөбеде қайырымды жандар бір жыл ішінде 5 отбасына баспана сыйлады
Нәтижесінде жүз достың басын қосып, қайырымдылықты дәстүрге айналдыруға бел шешкен.
Мейрамгүл Орынбаева: «Ақтөбенің төрінен баспаналы болғаныма енді ғана сеніп келемін», – дейді. Жұбайы үш жыл бұрын дүние салып, келіншектің қолында қарт анасы мен шейіттей 5 баласы қалған. Саяжай паналап жүрген көпбалалы ана туралы қайырымды жандарға көршілері хабарлапты. Тұрмысымен танысқан «Жүз дос» қорының белсенділері санаулы ай ішінде баспана сатып алуға қаражат жинап үлгерген.
Мейрамгүл Орынбаева, Ақтөбе қаласы тұрғыны:
- Саяжайға түскеннен кейін де әрі қарай біраз жүретін едік. Орта жағында бұрын тұрған жеріміз. Үйге келеміз де бірден кіре қоямыз. Қаланың іші. Қазір мен өзім де оған сенімсізбін. Мен жұмыстан шығып, саяжайға бармаймын. Мына жерден жаяу барамын. Қызымды мектепке жаяу апарып тастаймын. Мына ұлымның атына жазып берді.
«Жүз дос» қайырымды жандар бірлестігі былтыр көктемде құрылған. О баста ай сайын он мың теңгеден жинап, мұқтаж отбасыларына көмектесуге жүзге жуық азамат келісіпті. Артынша олардың қатары көбейіп, қазір тұрақты түрде қаржы аударатын үш жүзден астам адам бар.
Мұрат Бірмағамбетов, қайырымдылық қорының ұйымдастырушысы:
- Карантин кезінде азық-түлік тасып жүргенімізде тұрмысы тіпті мүшкіл отбасына кезіктік. «Әбден қирап тұрған лашықты паналауға мәжбүр жандарға баспанасын жөндеуге қаражат керек» деп әлеуметтік желілерге салған едік. Бірақ жиналған 2 миллион теңге жатақханадан бөлме сатып алуға да жетті. Содан бастап бұл үрдісті ұмыт қалдырмай, одан әрі жалғастыру керек деген шешім қабылдадық.
Бір жылға жуық ішінде қайырымды жандар үш пәтер мен бір үй сатып алуға қаржы жинап, тағы бір баспананы бастан-аяқ жөндеп шыққан. Кезекте тағы бес отбасы тұр. Ақтөбелік белсенділердің бұл ісі өзгелерге де үлгі болған. Қазір мұндай қор Ақтау қаласында да өз жұмысын бастапты.
Мансұр Есқожин, тілші:
- Қайырымды жандарға қаржылай көмек сұрап немесе түрлі бұйымтайларын айтып қолқа салатындар қатары артқан. Дегенмен ұйымдастырушылар: «Қордың басты мақсаты тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету», – дейді. Әбден ескірген үйді жөндеп те береді. Мұндай қолдау көпбалалы, жалғызбасты аналар мен ерекше күтімді қажет ететін бөбегі бар жандар немесе мүгедектігі бар ересектерге ғана көрсетілетін болады.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков