Ақмола облысында тасқынынан зардап шеккендерге 172 үй сатып алынды
Ақмола облысында су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға 172 үй сатып алынды. Бұдан бөлек, ауылдарда 115 үйдің құрылысы жүріп жатыр.
Бұланды ауданында 40-қа жуық тұрғын үйді жөндеуге бюджеттен өтемақы төленді. Ал Макинск қаласында су тасқынынан зардап шеккен 11 отбасы қоныстойын тойлады.
Ардақ Смайылов, Бұланды ауданының әкімі:
- 192 адамға 100 АЕК төледік. Ол 87 млн теңге. Ал енді қазір мүлікке ақшалары төленіп жатыр. Үйлердің жөндеу жұмысына біз қазір құжаттарды тапсырып, ақшаны тосып отырмыз. Қаражат түскеннен кейін елге жібере бастаймыз
Ал Қостанай облысының оңтүстік аудандарында тасқыннан зардап шеккен отбасылар үшін 68 үйдің құрылысы жүріп жатыр. Бұл баспаналар «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен салынуда. Олар үйі жарамсыз деп танылғандарға беріледі.
Мысалы, Амангелді ауданы бойынша 153 үй тасқыннан зардап шексе, соның 68-і жөндеуге жарамды. 27 баспана жаңадан салынады. Қалған отбасыларға басқа үй сатып алынған.